Биыл толықтай ауыз сумен қамтылады: Жамбыл облысында қанша жоба іске аспақ

21.01.2025 21:38

Өңірдегі қалаларды ауыз сумен жабдықтау көрсеткіші 98,8 пайызға жетті

Биыл Жамбыл облысы толықтай ауыз сумен қамтылады. Өңір билігі көпшілікке осындай уәде беріп отыр. Мәселен, 2024 жылы бұл салаға 21 миллиард теңгеден аса қаржы бөлініпті. Оған облыс көлемінде 54 жоба жүзеге асқан. Ауылдарға су желісін тарту биыл да жалғасады. Дегенмен мәселе де жоқ емес, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жайсаң ауылының тұрғындары осы уақытқа дейін кеңестік кезеңнен қалған құбырды пайдаланып келді. Бірақ ол әбден тозғандықтан, ыдыс аяққа қақ тұрып, жұрт лай суды тұтынуға мәжбүр болды. Ал бюджеттен 470 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінгенде көптің тілегі орындалды. Нәтижесінде, ауыл жұрты жаңа жылда жаңа су желісін пайдалана бастады.

"Біз өзіміз құдық қазып алғанбыз, бірақ сол ескі құбырдан ішіп отырған отбасылар да болды. Міне, бір айдан бері ауылымызға су келді. Өте таза, тәтті су келді. Біз өте ризамыз", - дейді Шу ауданының тұрғыны Гүлсім Кенжебекова.

Былтыр өңірде 37 елдімекен мен 5 тұрғын үй алабына таза ауыз су желісі жүргізілген. Тағы 16 ауылдағы ескі су құбыры қайта жаңғыртудан өтті. Бірақ қаржы бөлінсе де аймақта 6 жоба аяқсыз қалған. Солардың бірі Сауытбек ауылы. Елдімекенге 167 млн теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары 2020 жылы басталғанымен, мердігер жұмысты жарты жолдан тастап кеткен. Ал тұрғындар әлі күнге ауыз сусыз отыр.

"Осы 60 пайыз күйінде қабылдап алып, жобалық-сметалық құжаттама 2020 жылы жасалған. Қазіргі кезде қойылған бағалардың өсуіне байланысты түзету енгізіп, 2025 жылы толыққанды аяқтасақ деп жоспарлап отырмыз", - деді Шу аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы Жадыра Каликов.

2024 жылдың қорытындысы бойынша, өңірдегі қалаларды ауыз сумен жабдықтау көрсеткіші 98,8 пайызға жетті. Ал елдімекендерде - 98,1 процент. Бұл дегеніміз, 1 млн 200 мыңға жуық өңір тұрғыны таза суды тұтынып отыр деген сөз.

"Қаратау және Жаңатас қалалары 100 пайыз ауыз сумен қамтылған. Тараз және Шу қалалары бүгінгі күнге толық қамтылмаған. Кейбір жобаға қаржы толық қаралмаған. Бірақ ол бойынша біз казір министрлікпен жұмыс жүргізудеміз. Толық қаржы қаралған жағдайда қалалар мен ауылды елдімекендер 100 пайыз ауыз сумен қамтылатын болады", - деді Энергетика басқармасының басшысы Ғалым Исақов.

Биыл аймақта ауыз суға байланысты 33 жоба іске аспақ. Ол үшін шамамен 40 миллиард теңге қажет. Қажетті қаржы республикалық қазынадан уақытылы бөлінсе, аймақ жыл соңына дейін 100% таза ауыз сумен қамтылып үлгереді.

Нұрғиса Қаржаубай, "Алматы" телеарнасы үшін арнайы Тараздан

Оқи отырыңыз: "Алматы жастары" бағдарламасы: қосымша кезеңнің нәтижесі жарияланды