Ол 25 сәуірде Индер ауданындағы пәтерге өрт қойып, салдарынан 7 және 10 жастағы 2 жасөспірім қаза тапқан
Елдің есін алып, адам айтса нанғысыз қылмысқа барды деп күдікке ілінген БҚО-ның 32 жастағы тұрғыны өмір бойына бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Сотталушыға тұрғын-жайға заңсыз кіру, бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдiру, сондай-ақ адам өлтіруге оқталу және адам өлтіру бабы бойынша іс қозғалған. Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты азаматты кінәлі деп танып, 30 миллион теңге моральдық және 6 миллион теңге мүліктік залал өтеуді міндеттеді.
Еске сала кетейік, 25 сәуірде Индер ауданының 32 жастағы тұрғыны пәтерге өрт қойып, салдарынан 7 және 10 жастағы 2 жасөспірім қаза тапқан. Денесінің 90 пайызын күйік шалған келіншек те оқиға орнында көз жұмған. Сот кезінде айыпталушы кінәсін мойындаған жоқ.
"Түпкілікті өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жаза өтеу орнына Қылмыстық атқару жүйесінің төтенше қауіпсіз мекемесі белгіленсін. Саясатқа қатысты күзетпен ұстау, бұлтартпау шарасы өзгеріссіз қалдырылсын", – деді Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың төрағасы Зарема Хамидуллина.
Оқи отырыңыз: Алматыда бір адам көз жұмған автобус апатына қатысты сот үкімі шықты