БҚО-да сирек кездесетін жануарлар түрлерін заңсыз айналымға шығаруға тосқауыл қойылды

28.04.2025 16:56

Іс-шара барысында Орал – Атырау тасжолында патрульдік полиция қызметкерлері Toyota Alphard автокөлігін тоқтатты

polisia.kz

Батыс Қазақстан облысында сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жануарлар түрлерін заңсыз айналымға шығаруға тосқауыл қойылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Бұл бағыттағы арнайы іс-шараны полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы мен ҚР ҰҚК-нің БҚО бойынша департаменті қызметкерлері бірлесіп өткізді.
Іс-шара барысында Орал – Атырау тасжолында патрульдік полиция қызметкерлері Toyota Alphard автокөлігін тоқтатты. Көліктің жүк салғышын тексеру кезінде ішінде 291 дана киік мүйізі салынған екі үлкен қорап табылды. Тексеру нәтижесінде аталған мүйіздер көлік жолаушысы – Бөкей ордасы ауданының 1982 жылы туған тұрғынына тиесілі екені анықталды.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

Еске сала кетейік, мұндай құқықбұзушылық үшін үш жылдан бес жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру, сондай-ақ мүлікті тәркілеу түріндегі жаза қарастырылған.

Оқи отырыңыз: Алматыда үй жануарының иелері үшін жаңа ереже қабылданды