Ықшамауданда 10 мыңнан аса адам тұрады
"Атырауда тасқын кезінде тұрғызылған бөгеттер берік емес". Осылай деген халық әкімдіктің сылбыр жұмысына наразылық білдірді. Сондықтан көпшілік бөгеттерді ығыстырып, қайта қалыпқа келтіруді талап еттті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Былтырғы су тасқыны Маржан Қожағұлованың үйінің тас талқанын шығарған. Салдарынан ас бөлмесінің қабырғасы жарылып, едені шөгіпті. "Сол жағдай биыл да қайталана ма?" деген келіншектің зәре-құты қалмаған. Өйткені екі аттам жерде Жайық тұр. Ал қоршау мен бөгеттен үміт жоқ.
"Бүкіл шарбақты су алып кетті. Үй шөгіп барады, жуынатын бөлме қабырғасы жарылып жатыр, едені түсіп кетті. Әкімдікке жаздық. Ақшалай көмектессе деймін, жөндеу жұмыстарын жасауым керек", – деді қала тұрғыны Маржан Қожағұлова.
Көпшілік "әкімдік бөгетті берік жасамаған" деп отыр. Сондықтан қараша былтырғы жағдай қайталанса, «су астында қаламыз ба?» деп қорқады. Жұртты мұндағы жолдың жайы да жүнжіткен. Жиналғандардың айтуынша, жедел жәрдем көлігі аймаққа кіре алмайды.
"Біздің талап – стандарт бойынша жаңа технологиямен дұрыстап жасап беруі керек. Былтыр ығыстырды. 800 метр жерді ашып берді, сол жерге асфальт сұраймыз. Жедел жәрдем, өрт сөндірушілер кіре алмайды", – деді қала тұрғыны Анаргүл Зұлқашева.
Жұрттың жанайқайын тыңдауға шенеуніктер келді. Олардың айтуынша, тұрғындар талабы ескеріліп, көктемде барлық стандартқа сай бекіту жұмыстары қайта жүргізілмек.
"Наурызда барлық стандартқа сай жүргіземіз. Заң аясында жоба негізінде жасалады деп ойлаймын. Бұл жер саяжай боп табылады. Атқарушы органмен бас жоспарға өзгеріс енгізу қарастырылып жатыр", – деді Ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі Бексұлтан Сатымов.
Ықшамауданда 10 мыңнан аса адам тұрады. Әкімдіктен қайыр болмаған соң, халық үйілген топырақты тегістеп, жыртығын өзі жамап әлек. Ал алда-жалда апат бола қалса, қайтерін ел білмейді. Бұқараның бар сенгені – жергілікті биліктің жылдағы жауабы ғана.
Жұлдыз Қайратқызы, Атыраудан
Оқи отырыңыз: Өгей өксіткен өмір: 15 жастағы қыз ана атанды