Сот төрелігі академиясы – елімізде судьяларды дайындайтын жалғыз оқу орны
Конституциялық сот – азаматтардың шешім қабылдау үдерісіне белсене қатысуына жол ашты. Бұл туралы Бурабайда өткен төртінші Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. Бүгінде елімізде судьяларды даярлайтын бір ғана академия бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жоғары сот кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясы – елімізде судьяларды дайындайтын жалғыз оқу орны. Мұнда биыл 97 магистрант білім алып жатыр. Олардың арасында Қызылордадан келген Ерлан Қасқырбайұлы бар. Экономикалық тергеп-тексеру департаментінде 15 жылдай қызмет еткен ол судья болуды ұйғарыпты. Қазір төрелік етудің қыр-сырын меңгеріп жатыр.
«Сот жүйесінің қызметі – заңгерлік еңбектің шыңы. Он бес жыл бойы тергеу саласында жұмыс жасап, әрі қарай әділ сот ретінде төрелік етуге дайынмын. Сол себепті де білім алуға бел будым», – деді Сот төрелігі академиясының магистрі Ерлан Қасқырбайұлы.
Сот төрелігі академиясы 2016 жылы құрылған. Мұнда заң саласында білім алған, 5 жыл тәжірибесі бар, 29 жастан асқан мамандар ғана қабылданады. Былтыр білім алғандардың 97,8 пайызы түрлі деңгейдегі соттарға судья болып тағайындалған. Академияда жыл сайын 60 адамға мемлекеттік грант бөлінеді. Ақылы білім алуға да болады. Мұнда сабақ беретін мұғалімдердің 75 проценті практикадағы судьялар. Профессор Төлеуғали Бурбаев «академия арқылы сот корпусын жаңартуға қол жеткізетін болсақ, үмітіміздің ақталғаны» дейді.
«Судья тәуелсіз болуы үшін заң жеткіліксіз. Судья тәуелсіз болуы үшін оның моральдық принциптері болуы керек. Демек тәуелсіз судья адамгершілік жағынан да мығым, берік болуы керек. Сондықтан да бұл Сот төрелігі академиясының ең басты миссиясының бірі болып есептелінеді. Басқа жоғары оқу орындарынан да, арнайы оқу орындарынан да айырмашылығы – осы», – деді Сот төрелігі академиясы орталығының профессоры Төлеуғали Бурбаев.
Болашақ судьяларды дайындау барысында халықаралық тәжірибе де ескеріледі. Магистранттар Германиядағы Висмар және Ресейдің заң университеті профессорларының дәрісін тыңдап, біліктілігін арттырады.
«Кейстік, ситуациялық мәселелердің алгоритімін қалай шешу, қалай қарастыру, сот процестерін қалай жүргізеді?Сот реформаларын өзге мемлекеттрмен салыстырмалы түрде өтеді», – деді Сот төрелігі академиясының үйлестірушісі Гүлшат Тәкішева.
Қазақстанның әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі Германияның әкімшілік рәсімдік заңнамасына ұқсас. Осы күні академияда Висмар институтының профессоры құқықтық әдістеме бойынша магистранттарға дәріс өтіп жатыр. Ол неміс заңгерлерінің құқықтық нормалармен, талап арыздарды қарау кезінде судьялардың материалдармен жұмыс істеу тәжірибесін бөлісті.
«Біз әкімшілік әділеттің құрылуын оң бағалаймыз. Қазақстанда 2021 жылдан бастап Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс жұмыс істеп келеді. Бұл елдегі сот жүйесінің, жалпы құқық саласының дамуы үшін үлкен ілгерілеу және Қазақстанды көршілес республикалардан ерекшелендіріп тұрады», – деді Висмар қолданбалы ғылымдар университетінің профессоры Дмитрий Олейник (Германия).
Сот төрелігін жүргізуде әділеттілік – басты қағида. Былтыр өткен Судьялардың ІХ съезінде Мемлекет басшысы «сот билігі қашанда абыройлы әрі мінсіз болуы тиіс» деген. Академия әділ, тәжірибелі судьяларды дайындауды міндетіне алған.
Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, Астана
Оқи отырыңыз: Алматыда колледж студенттері арасында WorldSkills Almaty-2025 чемпионаты өтті