Блогерлер тізімі: салықтан жалтарғандар не істеуі тиіс

Мемлекеттік кірістер комитеті декларацияда көрсетілмеген 53,3 миллиард теңгені анықтаған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде 600-ге жуық блогер табысы туралы жалған ақпарат көрсетіп, салықтан жалтарған. Мемлекеттік кірістер комитеті олардың деректерін зерттей келе, декларацияда көрсетілмеген 53,3 миллиард теңгені анықтаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Салықшылар блогерлердің қорқынышты түсіне айналғандай. Кірістер комитеті ел алдында жүргендердің табысын есептеп, 53 миллиардтан астам ақшаны жасырып қалғандарды анықтаған. Сөйтіп оларға салықты төлеу жөнінде ескертулер жібере бастаған. Алайда бұл хаттар блогерлердің төбесінен жай түсіргендей болды. Олар желіде жарыса жазып, салық органдарының есебі түсініксіз әдіспен жүргізілген деп отыр.

"Олар менің берешегімді 2 жылда 5 миллион теңге деп есептепті. Мен бұл қарыздың қайдан шыққанын анықтаймын. Таныстарымның арасында тіпті 1 миллиард теңгеден төленбеген салық көрсетілген. Достарыма да 400 миллион, 300 миллион теңге деп қарыздар жазылған, ал көпшілігіне 100 миллион теңгеден астам төленбеген салық есептелген", – деді блогер, кәсіпкер Әлішер Еліκбаев.

"Біраз блогерлерге тізіммен төлеген, әлде тырнақшаның ішінде төлемеген салықтарының счеты келіп жатқан секілді. Маған өмірімде бірінші рет кеше ескерту келді. «2022 жылы, осыдан 3 жыл бұрын есеп шотқа осынша ақша түскен, шамасы төлемедіңіз» деген секілді. Оған сенсек мен баяғыда миллиардер болуым керек. Өзім көріп таңғалдым", – деді блогер Өркен Кенжебек.

Сарапшы Дмитрий Казанцевтің айтуынша, салық органдары блогерлердің жеке шотына түскен қаражатты олардың салық декларациясымен салыстырған. Нәтижесінде көпшілігінің табысы құжатта көрсетілгеннен айтарлықтай көп болған. Сарапшы салық органдары бұл сомаға туыстарынан түскен аударымдарды да, жылжымайтын мүлікті сатқан кездегі пайданы да қосып жібергенін айтты.

"Олар жеке шот пен декларациядағы сандарды салыстырған. Яғни бір блогер 2022 жылғы есеп беру кезінде жылдық айналым 20 миллион деп көрсеткен, ал картадағы кірісі 100 миллион теңге болған. Неге екені белгісіз, салық органдары осы тұста түсімдердің барлығы оның табысы деген тұжырым жасаған", – деді салық жөніндегі сарапшы Дмитрий Казанцев.

Сарапшы блогерлерді дүрбелеңге салынып, уайымға берілмеуге шақырды. Ол алдымен банкке барып, 2022 жыл бойынша барлық көшірмені алып, шотқа түскен әр тиынның есебін жазып, оны салық органдарына жіберуге кеңес береді. Егер сол кезеңде іскерлік мақсатта табыс тауып, оның салығы төленбеген жағдайда ғана қарызды өтеуге тура келеді. Ал Мемлекеттік кірістер комитеті аталған құжаттарды 30 жұмыс күні ішінде тапсыру керек екенін ескертеді.

"Хабарламаны орындау мақсатында дербес есептелген салығын төлеп, қосымша салық есептілігін тапсыруы керек. Ал хабарламамен келіспеген жағдайда түсінік беруі қажет. 30 жұмыс күн ішінде хабарламаны орындауы тиіс", – деді ҚР ҚМ МКК Жеке тұлғалардың кірістерін әкімшілендіру басқармасының бас сарапшысы Ерсайын Көптілеуұлы.

Айта кетейік, «Онлайн платформалар және онлайн жарнама туралы» заңға сәйкес, блогер – іскерлік мақсатта халыққа ақпарат тарататын платформаның пайдаланушы болғандықтан, жарнамадан түскен әрбір табысы үшін салық төлеуге міндетті.

Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Дастан Темірбекұлы, Астанадан

Оқи отырыңыз: Жалған құжат: Қызылорда облысында 150 миллион теңге қазынаға қайтарылды

Новости партнеров