Қылмыс құралы ретінде пышақ тәркіленді
Жезқазғандағы қоқыс жәшіктерінің бірінен 1985 жылы туған азаматтың мәйіті табылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бөлшектелген денені коммуналдық қызмет өкілдері тауып алған. Жедел іс-шаралар барысында полиция қызметкерлері күдікті есебінде 1977 жылы туған әйелді ұстады. Алдын ала мәліметке сүйенсек, олар пәтерде бірге алкогольдік ішімдік ішкен, кейін өзара жанжал туындап, әйел ер азаматқа пышақ жарақатын салған көрінеді. Кейін оның денесін бөлшектеп, қылмысын жасыру мақсатында сыбайласымен бірге мәйітті қоқыс жәшігіне шығарып тастаған. Қылмыс құралы ретінде пышақ тәркіленді.
"30 қаңтарда Жезқазған қаласындағы Байқоңыров көшесінде үйлердің бірінде өзара таныс адамдардың арасында туындаған жанжал кісі өлімімен аяқталды. Полиция қызметкерлерімен екі тұрғын анықталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жалғасуда", – деді Ұлытау облысы ПД бастығының орынбасары Алмаз Саламатов.
Ал көршілері бұл отбасының бұған дейін де той-томалақтан бас көтермегенін айтты. "Олар елдің мазасын алды" деген тұрғындар жанжалдың да тым жиі болатынын растап отыр.
"Оқиға болған күні жұмыста болдым. Кешке келгенде көрдім, жердің бәрі қан-жоса болып жатыр. Төбелес болған шығар деп ойладым. Ал таңертең полиция қызметкерлерін көріп, жағдайды естідік. Менен де жауап алды. Көргенімді айттым. Үнемі осылай ішіп, у-шу болып жүреді", – деді қала тұрғыны Виктор Деккел.
Оқи отырыңыз: Алматы полициясы зейнеткерге интернет-алаяқтардан ұрланған қаражатын қайтаруға көмектесті