Демалыс күндері ұйқыны қандырып ұйықтау дұрыс па - ғалымдар пікірі

15.02.2025 11:17

Ересектерге тәулігіне 7-8 сағат тұрақты ұйықтау ұсынылады

Kate Stone Matheson / Unsplash

Үздіксіз дедлайндар, жұмыс жүктемесі және уақыттың жетіспеуі көбіне толыққанды ұйқыдан айырады. Көп адам демалыс күндері ұзағырақ ұйықтап қандыруға тырысады, бірақ бұл әдіс денсаулыққа қаншалық пайдалы? 2024 жылы Еуропалық кардиологиялық конгресте ұсынылған зерттеу нәтижелері бойынша, демалыс күндері қосымша ұйқы алу жүрек-қан тамырлары ауруларының қаупін 20 пайызға төмендетуі мүмкін. Дәл осы зерттеу ұйқыны қандыру кейбір жағдайларда денсаулыққа оң әсер етуі мүмкін екенін дәлелдейді, бірақ ең жақсы әдіс - күн сайын тұрақты және жеткілікті ұйықтау, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Massaget.kz-ке сілтеме жасап.

Қытайдың Фувай ауруханасындағы Инфекциялық аурулардың мемлекеттік зертханасы және Ұлттық жүрек-қан тамыр аурулары орталығы 90 000-нан астам адамның деректерін зерттеді. Бұл мәліметтер Ұлыбританияның UK Biobank жобасы аясында жиналған. Зерттеу 14 жылға созылды және ұйқыны қандырудың жүрек-қан тамыр жүйесіне қалай әсер ететінін қарастырды.

Қатысушылардың ұйқы ұзақтығы арнайы құрылғылар - акселерометрлер арқылы тіркелді. Бұл құрылғылар адамның қозғалысын және белсенділігін жазып отырды.

Сондай-ақ қатысушылар арнайы сауалнамалар арқылы ұйқы дағдылары мен аптаның әр күнінде қанша сағат ұйықтайтынын хабарлады. Бұл зерттеу демалыс күндері қосымша ұйықтаудың жүрек денсаулығына ықтимал оң әсерін анықтауға көмектесті.

Зерттеушілер ишемиялық жүрек ауруы, жүрек жеткіліксіздігі, инсульт және жүрекшелердің фибрилляциясын (жүрек ырғағының бұзылуы) бақылаған.

Ұйқысы тұрақты түрде қанбайтын адамдар арасында демалыс күндері қосымша ұйықтағандарда жүрек-қан тамыр ауруларының қаупі 20 пайызға төмендегені анықталды. Ерлер мен әйелдер арасында айырмашылық байқалмаған - бұл әсер барлық жыныс өкіліне бірдей болды.

"Қазіргі қоғамда ұйқының қанбауынан зардап шегетін адам көп. Біздің нәтижелеріміз көрсеткендей, демалыс күндері ұйқыны барынша қалпына келтіретіндер жүрек-қан тамыр ауруларына аз шалдығады", - зерттеу авторы Зечен Лю.

Ғалымдардың ұсыныстары

Ұйқы режимін сақтау - күн сайын бір уақытта ұйықтап, бір уақытта ояну.

Гаджеттерді шектеңіз - экранның жарығы мелатониннің түзілуін тежеп, ұйқы сапасын нашарлатады.

Ұйқы ұзақтығын бақылау - ересектерге тәулігіне 7-8 сағат тұрақты ұйықтау ұсынылады.

Оқи отырыңыз: Шашын жайып жүретін қыздар тез қартая ма: косметолог кеңесі