Мәжіліс депутаттары халықаралық ғылыми байқаулардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ақшалай қолдау көрсетуді ұсынып отыр
Енді мектеп оқушылары 6 миллион теңгеге дейін бір реттік төлем ала алады. Мәжіліс депутаттары халықаралық ғылыми байқаулардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ақшалай қолдау көрсетуді ұсынып отыр. Ал оларды конкурсқа дайындаған ұстаздарға 500 мың теңге сыйақы берілмек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұған дейін 8 рет жұмыс тобында қаралған заң жобасын бүгін депутаттар бірінші оқылымда қызу талқылады. Асхат Аймағамбетов сөзінің әлқиссасын дарынды балаларды қолдаудан бастады. Президенттің тапсырмасы аясында "халықаралық ғылыми конкурстарда топ жарған оқушыларға 6 миллионнан, олардың ұстаздарына 500 мың теңгеден үлестірейік" деген депутаттың айтуынша, бұл – жастардың ғылыми әлеуетін дамытып, ынталандырудың жолы. Мектеп оқушыларына театр мен мұражайға баруға мүмкіндік беретін "ақылман" картасын енгізу туралы да ұсыныс айтылды. Осы тұсқа келгенде депутаттардың пікірі қақ жарылды. Анас Баққожаев балаларды мәдени ұйымдарға апарғаннан гөрі, шаруалардың өміріне араластыруды құп көреді.
"8-бапқа сіздер қосып қойыпсыздар, театрға апаруды міндеттеу. Сіздердің заңға сай, әкімдіктер ақша бөліп театрға апарады. Неге ауылшаруашылығына апармаймыз? Ақша бөлмей-ақ қойсын. Көрмелер тегін өтіп жатыр", – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Анас Баққожаев.
Қазақстанда мемлекет есебінен жоғары білім алғандар міндетті түрде 3 жыл мамандық бойынша жұмыс істеп, грантты өтейтіні туралы норма бар. Депутаттар сол құжатқа да түзету енгізіп, мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналары мен бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға күтім жасайтын азаматтарды грантты өтеуден босатуды ұсынған. 10-11 сынып оқушыларының сабақтан тыс уақытта колледждерге барып, сұранысқа ие мамандықтар бойынша білім алу туралы да айтылды. Дегенмен мәжілісімен Жигули Дайрабаев Аймағамбетовтің бұл ұсынысын аса ұната қоймады.
"Мектепте 11-сыныпты жақсы оқып алуы керек қой. Түске дейін мектепте оқып, түстен кейін колледжге барып «зоотехник боламын» деген әңгіме құлаққа кірмейді. Тракторист, комбайнер, слесарь, токар, моторист – бәрін мектепте оқыдық. Сіздер жаңалық ашып отырған жоқсыздар", – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Жигули Дайрабаев.
Мәжілістің қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Мұрат Ергешбаев болса елдегі бюджет тапшылығын алға тартып, экономика министрлігінің өкілінен "Тиісті заңға ауқымды өзгеріс енгізбес бұрын, қаражат есепке алынды ма? Ертең қиналып қалмаймыз ба?" деп төтесінен сұрады. Алайда ведомство өкілі жауапкершілікті қаржы министрлігіне сілтеп, кейінірек қосымша ақпарат береміз деп құтылды. Ал Асхат Аймағамбетовтің өз есебі бар.
"Жылына бір рет 10-15 балаға 6 миллион теңге бұйырады. Олимпиадаға қатысқан спортшыларға 250 мың доллар төлегенде,, дарында балаларға 6 миллион теңге артық емес", – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов.
Депутаттар фонограммамен ән айтуға тыйым салмақшы. Осыған байланысты заңға да арнайы норма енгізбек. Өз кезегінде Мақсат Толықбай «Мәдениет және ақпарат министрлігі бұл бастаманы қолдап отырған жоқ» деп ашығын айтты.
"Заңға тәуелді актіде негізі ереже қарастырылған. Фонограмманы алдын ала ескертуі тиіс. Бірақ іс жүзінде ешкім елеген жоқ. Депутаттар норманы заңнамалық акті ретінде ұсынды. Біз қолдаймыз. Егер заңға енгізілетін болса, нәтиже болады деп сенеміз", – деді ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов.
Білім мен мəдениетті дамытуға арналған заң жобасын мәжілісмендер екі сағаттан астам уақыт талқылады. Кей депутаттар тиісті нормаларды қолдаса, енді бірі қарсы болып жатты. Алда әлі екінші оқылым бар.
Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Дастан Темірбекұлы, Астана
Оқи отырыңыз: Былтыр 400 мыңнан астам жас жұмысқа орналастырылды