Дода: Almaty TV-де зияткерлік ойын-сауық бағдарламасы көрерменге жол тартады

Жоба 21 наурызда сағат 22:00-де эфирге шығады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы телеарнасында таным мен тапқырлыққа негізделген «Дода» интеллектуалдық сайысы көрерменге қайта жол тартады. Бағдарламада екі буын, яғни аға және жас ұрпақ өкілдері білімін мен логикалық ойлау қабілетін сынайды. Әр командада екі қатысушыдан, барлығы төрт ойыншы додаға түседі, деп хабарлайды Amaty.tv тілшісі.

«Дода» – білім, тапқырлық, логика және жылдамдық сайысы. Ойын алты кезеңнен тұрады. «Жұмбақ сөз» кезеңінде үш бейненің ортақ ұғымын табу қажет, ал «Жұмбақ зат» сайысында ұсынылған заттың атауы мен қолданылу мақсаты анықталады. Сондай-ақ «Қызық әлем», «Сергіту», «Мирас» және «Мәртебелі өнер» кезеңдері де бар.

Айта кетейік, өткен жылы бағдарламаны Ұлан Мықтыбеков тізгіндесе, биылғы жүргізуші – Арман Жаналиев.

«Әзілге байланысты бағдарламалар жүргіздім. Ал бұл бағдарламаға келген кезде әзілі де бар және тарих, спорт, өнер жайлы түрлі сұрақтар қойылады.  Бағдарлама мен үшін дебют болып жатыр» – деді бағдарлама жүргізушісі Арман Жаналиев.

Білім мен тапқырлық сыналатын ерекше зияткерлік ойында өнер, әдебиет және эстрада майталмандары ой жарыстырады. Қызықты сұрақтар мен тартысты кезеңдер көрерменнің зейінін ашып, интеллектуалдық қабілетін дамытады. Жобаға қатысушылардың айтуынша, ойын-сауық пен білімді ұштастырған бұл бағдарлама көрерменге жаңа әсер сыйлайды.

«Интелектуалды, көтеріңкі көңілді бағдарламаларға қол тисе, уақыт болса көп келемін. Бұлардың ең басты миссиясы, мақсаты – көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлайды. Абай «Көтермесе көңілді, кір басады» дейді. Жобаны көріп алып, білекті түріп, көрермендер орнынан тұрып, көңілді форматта өмірін ары қарай жалғастыра береді, – деді актер Нұржан Тутов.

«Дода» – тек білім бәйгесі ғана емес, сонымен қатар көрерменге әсерлі кеш сыйлайтын тартымды жоба. Әр жұма сайын экранға көз тіккен көпшілік қызықты сауалдарға жауап беріп, ойыншылармен бірге ой жарыстыра алады. Жоба 21 наурызда сағат 22:00-де эфирге шығып, 45 минут бойы зияткерлік тартысқа толы сәттер ұсынады.

Мәди Мәлік, Ғани Қалуов

Оқи отырыңыз: Пластикті қайта өңдеу: Almaty TV-де «Made in Almaty» бағдарламасының жаңа шығарылымы

Новости партнеров