Қалада биыл 1200-ден аса тұрғынды ит қапқан
Оралда қаңғыбас иттерді түн сайын атып жатыр. Жануарлардың өлексесін көшеден тауып алған азаматтар осылай дейді. Олардың сөзінше, қалада жергілікті тұрғындардың тапсырысымен жұмыс істейтін жеке тұлға немесе ит атқыштар пайда болған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Атап өтер жайт, шаһарда төртаяқтылар су тасқынынан соң бірден көбейіп кеткен. Ал мамандар мәселенің туындауына адамдардың өзін кінәлап отыр. Себебі көктемгі жағдайдан кейін үй жануарларының көбін иелері қараусыз қалдырған. Соның салдарынан бір жыл ішінде 1200-ден аса тұрғынды ит қапқан.
"Мектептің жанында бар болғаны 10 минуттық жерде тұрамыз. Бірақ балаларды сыртқа жіберуге қорқамыз. Себебі өміріне алаңдаймыз. Бұған дейін бұралқы иттердің шабуылдағанын бірнеше рет көргенбіз", – деді Орал қаласының тұрғыны Анжелика Спиридонова.
Атап өтейік, 2022 жылдан бері елімізде қаңғыбас жануарларды атуға тыйым салынған. Бұл үшін арнайы жауапкершілік те қарастырылған. Ал аталған деректің қаншалықты зерттелетініне қатысты жергілікті Полиция департаменті ешқандай ақпарат бермеді. Мамандардың сөзіне сүйенсек, биыл Оралда 2 мыңға жуық иесіз қалған жануар ұсталып, залалсыздандыру жүргізіліп, босатылған. Ал әкімдіктің дерегінше, облыс орталығының маңында көше кезген иттер мен мысықтарға арналған тәлімбақ салу жоспарланған.
"Шағым көп. Күніне 100-ден аса өтінім қараймыз. Олардың саны 4,5 мыңға жетті. Қалада екі топ жұмыс істейді. Олар иттерді аулап, залалсыздандыру сынды қажетті шараларды орындайды. Ал егер қоғамға қауіп төндірсе, көзі жойылады", – деді Орал қалалық ветеринариялық стансаның директоры Ерлан Есжанов.
Оқи отырыңыз: Тараздағы тұрғындар ауыз сусыз қалды