Дүкен атауы, мейрамхана мәзірі, тіпті түбіртек те мемлекеттік тілде жазылуы керек - маман

Бақыт Қалымбеттің айтуынша, заңға сәйкес, егер қажет болса, өзге тілдерде жазуға рұқсат

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Дүкен атауы, мейрамхана мәзірі, тіпті түбіртек те мемлекеттік тілде жазылуы керек. Осылай деген сала мамандары Түрксіб ауданындағы кәсіпкерлермен кездесу өткізіп, ҚР Тіл туралы заңында көрсетілген талаптарды бүге-шігесіне дейін талдап, түсіндірді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жиында нысан сыртындағы деректеме мен ақпараттың қалай рәсімделетіні де айтылды. Мемлекеттік тілдің мәртебесіне нұқсан келтірмейік деген қызметкерлер тағам атауларын аударғанда да сақ болуға, мазмұнына мән беруге шақырды. Себебі мәтіндерде орынсыз қолданылатын сөз тіркестері жиілеп кеткен.

«Кәсіпкерлік салада талап етілетіні түрлі көрнекі ақпарат пен деректеме, әртүрлі хабарландырулар, ас мәзірлері міндетті түрде тек мемлекеттік тілде талап етіледі. Бірақ заңға сәйкес, егер қажет болса, өзге тілдерде жазуға рұқсат. Бірақ мемлекеттік тіл міндетті түрде жазылуы тиіс», – деді Тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің басшысы Бақыт Қалымбет.

Тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің қызметкерлері қазақ тіліндегі ақпаратты дұрыс жазу үшін мамандардың көмегіне жүгініп, Емле.кз, Терминком.кз сынды сайттарды пайдалану керек екенін де сөз етті. Сонымен қатар олар ең бірінші кезекте тұтынушы мен қызмет көрсетуші арасындағы дау-дамайдың алдын алуға, болдырмауға көп көңіл бөлу маңызды екенін жеткізді. Көше атауларын толық жазуға, орынды қолдануға шақырды.

«ҚР мемлекеттік тіл екеу, сонымен бірге орыс тілі ресми тіл деп шатасады.  Елде қазақ тілі – ресми, мемлекеттік тіл. Ал орыс тілі тек мемлекеттік органдарда, мекемелерде мемлекеттік тілмен қатар, ресми түрде қолданылады», – деді Бақыт Қалымбет.

Оқи отырыңыз: Алматыда тыйым салынған діни әдебиеттер тәркіленді

 

 

 

Новости партнеров