Қазақстанның цифрлық даму министрлігі елдегі ауқымды интернет ақаудың неден екенін әлі таппай жатыр
Қазақстанның цифрлық даму министрлігі елдегі ауқымды интернет ақаудың неден екенін әлі таппай жатыр. Апта басында елдегі бүкіл интернет ресурстар бірнеше сағатқа жұмысын тоқтатқан, деп хабарлайды Almaty.tv.
Салдарынан, қазақстандықтар күнделікті қолданатын әлеуметтік желілерге кіре алмады, сайттардан ақпарат алу да мүмкін болмаған. Кейін жауапты ведомство мамандары олқылықты тез арада шешіп, ғаламторды қолжетімді етті. Цифрлық даму вице-министрі Асхат Оразбек біздің тараптан істен шығу болмағанын алға тартып, мета компаниясының жүйесінде мәселе туындады деп санайды.
"Мета компаниясындағы жүйе істен шыққан деген болжам бар. Байланыс операторлары штаттық режимде жұмыс істеді. Мұндай ауқымды істен шығу дерегі 2023 жылы болған. Мамандар бұл дерек бойынша тексеру жүргізіп жатыр. Қазір мәселе шешілді. Енді мұндай жағдайдың алдын алу шаралары қарастырылуда", – деді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек.
Вице-министр мобильді байланыс операторлар тарифінің қымбаттауына қатысты пікір білдірді. Оның сөзінше, қызмет құнының артқаны дұрыс емес. Бірақ интернеттің сапасы өсіп жатса, әрі жаңа жабдықтар сатып алынатын болса, соның нәтижесінде қызмет көрсету жақсарса, бағаның бұлай өзгеруіне қарсы емес. Ал нарыққа жаңа оператор кіргізу бойынша нақты шешім әлі қабылданбаған.
"Нарыққа төртінші байланыс операторының пайда болуы тек болжам ретінде ғана айтылды. Ол туралы нақты жоспар жоқ. Қазіргі үш оператор тиімді жұмыс істесе, онда қосымша бәсеке тудырудың мәні жоқ", – деді Асхат Оразбек.
Оқи отырыңыз: Алаяқтық қоңыраулар: Алматыда шетелдіктен екі мыңға жуық sim-карта тәркіленді