Екі мектептің құрылысы тоқтап қалған: Алматы облысында жұмысшылар еңбекақысын ала алмай жүр

Мәселені шешуге аудан билігі де қауқарсыз

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысында 2 мектептің құрылысы жарты жолда тоқтап қалған. Пайдалануға берілу мерзімінен бірнеше рет кешіккен білім мекемелері қазір қаңырап бос тұр. Ал құрылыс алаңында тер төккен жұмысшылар жарты жылдан аса уақыт жалақы алмай, қарызға белшеден батқанын айтып отыр. Олардың айтуынша, бас мердігер дер кезінде ақша төлемей, кейіннен тіпті хабарсыз кеткен. Мәселені шешуге аудан билігі де қауқарсыз, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл - бірнеше айдан бері еңбекақысын ала алмай, күнделікті тұрмысын әрең жалғап жүрген жандардың жанайқайы. Талғар ауданындағы Нұра мен Белбұлақ ауылдарындағы мектептердің күрделі жөндеуі шамамен бір уақытта басталған. Бірақ әлі күнге дейін бітетін түрі жоқ. Бригадирлер соңғы уақытта жұмысшыларға өз қалтасынан ақша төлеп, құрылыс материалдарының шығынын өздері жабуға мәжбүр болыпты.

"Тек менің өзіме 8 млн 844 мың теңге қарыз. Өйткені мен ішкі әрлеу жұмыстарын жасап, сылақ сылаумен айналыстым. Біздің бригада 13 адамнан тұрады. Біз маусым айында кетеміз дегенде білім бөлімінің басшысы «Сіздер қорықпаңыздар, бұл мемлекеттік нысан, сондықтан ақшаларыңызды алып береміз» деп тоқтатқан болатын. Барлығы 60 адамға қарыз болып отыр, олар мен көрген адамдар. Маған дейін де қаншама адам істеді", - дейді бригадир Анар Кеңесқызы.

"Біздің бригаданың өзіне 4 млн теңге қарыз. Бізден басқа, әйел адамдар да істеді. Сонда біздің еңбегіміздің ақысын төлейді", - дейді құрылысшы Ардақ Асылбаев.

Екі мектептің есігі жабық болғандықтан, балалардың бірі ескі оқу ошағына қатынап оқыса, енді бірі әкімдік ғимараттарында білім алып жүр.

Нұра ауылындағы №12 жалғыз білім ордасының қаңырап тұрғанына екінші жыл кетіп барады. Ал оқушылар қайда десеңіз, олар әкімдік ғимаратында қысылып, білім алып жүр. Мектеп 2024 жылдың мамырында қолданысқа берілуі тиіс еді.

Ал Белбұлақ ауылындағы №10 мектептің сыртынан қарасаңыз, аяқталуға шақ тұрған сияқты, бірақ атқарылмаған жұмыс әлі шаш-етектен.

Айлап еңбекақысыз қалғандар әкімдіктің табалдырығын тоздырып, жауапты бас мердігерді таба алмай жүргенін айтып шағымданды. Компания мен аудандық білім бөлімі арасында келісімшарт үзілген екен.

"Шебер" компаниясының барлық шоты бұғатталды. Оларды қайта іске қосуға өтініш білдірдік. Шоттарды қайтарған жағдайда дебиторлық берешектер өндіріледі. Сондай-ақ біздің қарыздарымыз бар, ал дебиторлар бізге 6 миллиард теңгеден астам қарыз. Сол ақшаны қайтара алмай жүрміз", - дейді компанияның өкілі.

Талғар ауданы әкімдігі де бұл мәселенің назарда екенін айтып отыр. Бірақ халыққа еңбектерінің ақысын қайтаруға көмектесе алмаймыз деп кесіп айтты. Тек бас маманды шақырып, кеңес өткізумен шектелді.

"Жалақы мәселесіне келетін болсақ, мұнда келіп отырған кісілер "Шебер-билд" компаниясымен қосалқы мердігер ретінде келісімшартқа отырып жұмыс істеген. Сондықтан бұл кісілердің жалақысын сол компания төлеуі тиіс. Біз ол компаниямен соттасып, келісімшартты үзгенбіз. Ал атқарылған жұмыстың қаржысы сол ұйымға аударылған болатын", - деді Талғар ауданы әкімінің орынбасары Айбек Бидаев.

Аудан әкімі орынбасарының сөзінше, мектептерде жасалған жұмысқа сараптама тағайындалып, қаражат есептелетін болады. Тексеріс нәтижесінде жаңа конкурс жарияланып, екі жақтың бір-біріне қанша қаражат қарыз екені анықталады. Ал адал еңбегінің ақысын ала алмай жүрген жұрттың бар үміті - сол экспертизаның әділ шығуы.

Әйкерім Пернебек, Ханкелді Ахметхан, "Алматы" телеарнасы, Алматы облысы

Оқи отырыңыз: Алматыда жолаушы таситын жаңа электр автобустарының қандай артықшылығы бар

Новости партнеров