Экологиялық талаптарды сақтамайды: Маңғыстау облысының тұрғындары теңіз суын ластаған қос компанияға шүйлікті

16.04.2025 19:29

Аудан әкімдігі аталған мәселені алға тартып, қос компанияның өкілдерімен кездесті

Маңғыстау облысындағы Аташ ауылының жұрты теңіз суын ластап тұрған қос компанияға шүйлікті. Мұндағылар «Кемеге қызмет көрсететін мекемелердің кесірінен жаздыгүні теңізге шомыла алмаймыз» деп шағым айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жағалаудағы абаттандыру жұмыстарын тұрғындар өз күшімен қаражат жинап, жасаған. Жұрт балалар ойнайтын алаңға дейін жасап, алдағы шомылу маусымына қызу дайындықты бастапты. Аташ ауылының тұрғындары «кеме жөндеуші компаниялар экологиялық талаптарды сақтамай, суды ластап отыр» дейді.     

«Матор батып жатыр. Оның астындағы майы теңізді бүлдіреді. Сондықтан да осы жерге жауап беретін мекеме басшылары тазалық сақтауы тиіс.Болмаса кетуі керек», – деді Аташ ауылының тұрғыны Аманғали Ақыбаев.

Аудан әкімдігі аталған мәселені алға тартып, қос компанияның өкілдерімен кездесіпті. Оларға қоршаған ортаға зиянын тигізетін сұйықтықтардың төгілмеуін қадағалауды тапсырған. Қазіргі таңда иесіз екі кеме анықталып, тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқан көрінеді. Ал жөндеуге келетін келесі кемелер жағажайдан 200-500 метр қашықта тұрақтайды. Ол арнайы бақылауға алынбақ.

 «Батып кеткен екі судноны «мекеме меншігі емес» уәж айтып тұр. Қазір сотқа беруге дайындап жатырмыз. Иесіз танып, коммуналдық меншікке қабылдаймыз, содан кейін аукционмен сатамыз», – деді Түпқараған ауданы әкімінің орынбасары Дидарбек Жантуаров

Бұл жағажай төңірегіндегі алғашқы мәселе емес. Осыдан алты ай бұрын аташтықтар «шомылатын аумақ жекенің қолына кеткелі жатыр» деп дабыл қаққан. Кейін мәселе оңтайлы шешіліп, жағажай халық игілігіне өтті. Демалатын орынды заман талабына сай жөндеу үшін жергілікті бюджеттен 150 млн теңге де бөлініпті. Жөндеу жұмыстары толығымен жаз айларында аяқталады.

Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет, Маңғыстау облысынан

Оқи отырыңыз: Елімізде 30 мыңға жуық мопед тіркелді