Былтыр да су тасқыны кезінде жылжымайтын мүлікті сақтандыру тетігі мүлде жұмыс істемеген
Қазақстан азаматтарының басым бөлігі тұрғын үйі мен жылжымайтын мүлкін сақтандыруға асықпайды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Көпшілігі бұл қызметті артық шығын деп есептейтін көрінеді. Былтыр да су тасқыны кезінде жылжымайтын мүлікті сақтандыру тетігі мүлде жұмыс істемеген. Осының нәтижесінде келген қаржылай шығын мемлекет есебінен өтелді. Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек «еліміздегі сақтандыру ұйымдары мұндай ірі апаттарға дайын емес» - дейді.
«Біздің елімізде сақтандыру нарығы әлі қалыптасу деңгейінде. Ол толық дамып, аяққа тұрған жоқ. Неге десеңіз, бізде су тасқынынан сақтандыратын арнайы мекеме жоқ. Біздің компаниялар ондай қауіп-қатерді сақтандыруға әлі дайын емес», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Бақытжан Базарбек
Ал сақтандыру компанияларының айтуынша, халықтың басым бөлігі тек қауіп төнген кезде ғана өтініш білдіреді. Алайда бұл уақытта сақтандыру мекемелері үлкен тәуекелге бармайды.
«Көпшілігі жыл сайын сақтандыру компанияларына көктем кезінде өтініш білдіре бастайды. Әбден синоптиктер сел жүруі мүмкін, су тасқыны болуы мүмкін деп айтылғаннан кейін хабарласады. Ол уақыттарда кез келген сақтандыру компаниялары өтініш қабылдамайды», – деді сақтандыру компаниясының директоры Анаргүл Шабдарова.
Оқи отырыңыз: 10-11 сәуірде қар көшкіні түседі, тауға бармаңыздар: ТЖМ ескерту жасады