Елдегі театрлардың жылдық жоспары қандай

06.02.2025 14:28

Алматыдағы Мемлекеттік қуыршақ театры биыл 90 жылдық мерейтойын атап өтеді

Алматыдағы Мемлекеттік қуыршақ театры биыл 90 жылдық мерейтойын атап өтеді. Үшінші халықаралық "Almaty Puppet Festival" аясында көрерменге жаңа қойылымдар ұсынылады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Сондай-ақ атаулы дата қарсаңында мұражай ашылып, театр тарихынан сыр шертетін кітаптың тұсауы кесілмек. Өнер ордасы ұжымы ендігі жылда қойылым санын 1500-ге жеткізіп, репертуарлық рекорд орнатуды көздеп отыр. Ал келушілер қатарын 95 мыңға дейін көбейтуді мақсат еткен.

"Мерейтой аясында театрымызда бірқатар әуез жобаларын да жоспарлап отырмыз. Айтып өтсем, театрды тарихи жандандыру мақсатында кітаптың тұсау кесері болады. Шығармашылық пен түрлі жеңістерге жол ашатын жаңа лаборатория ашуды жоспарлап отырмыз", – деді Мемлекеттік қуыршақ театрының директоры Алмат Амангелдіұлы.    

Айта кетейік, "Алатау" дәстүрлі өнер театрында да жаңа маусымда көрнекті композитор Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына орай, музыкалық драма жанрындағы қойылым көрсетілмек. Ал премьера сәуірде жоспарланыпты. Оған қоса, шығармашылық ұжым Абай Құнанбаевтың 180 жылдық мерейтойы қарсаңында "Атымды адам қойған соң" атты спектакльді де дайындап жатыр. 

"Нұрғиса Тілендиевтің музыкалық шығармашылығына негізделген аталмыш әндер театрымыздың дарынды әртістердің орындауында орындалмақ. Көрермендер "Алатау", "Өз елім", "Сары жайлау", "Құстар әні" және де басқа да көптеген танымал шығармаларды тыңдайды. Музыкалық сүйемелдеу әр шығарманың рухымен, көңіл күйін көрсететін хореографиялық қойылымдармен толықтырылады", – деді  «Алатау» дәстүрлі өнер театрының директоры Мақсат Нұралиев.

Оқи отырыңыз: Алмалы ауданында тағы бір жайлы мектеп ашылады