Ұлы Отан соғысына Жамбыл облысынан 41 мыңнан аса адам аттанған
Ұлы Отан соғысына Жамбыл облысынан 41 мыңнан аса адам аттанған. Олардың 15 мың 536-сы майданда қаза болса, 17-мыңнан аса азамат хабар-ошарсыз жоғалған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Биыл Ұлы жеңістің 80 жылдығын аймақта 5 ардагер ғана қарсы алады. Солардың арасында ғасырға жуық ғұмыр кешкен Иван Макеев бар. Ол 17 жасында майданға шақырылған. Жас сарбаз онда барлаушы болды. Жапониядағы соғысқа қатысты. Мукден, Харбин қалаларын азат етті.
«Біздің бөлім Жапон әскеріне қарсы соғысты. 600 мың әскерге қарсы соғысып, қыста жеңе алдық. Сол сәтте әр жауынгердің еңбегі ерен болды. Соғыстан соң көптеген марапат алдым. Солардың мен үшін ең маңыздысы – Отан соғысы үшін және Жуков медалдары. Енді соғыс болмасын! Елге адал қызмет ету қажет!» – деді соғыс ардагері Иван Макеев.
Майдангер жеңіс хабарын Монғолия жерінде жүріп естіпті. Соғыс аяқталған соң да әскери қызметте болып, 1951 жылы елге оралған. Жамбылға келген соң желілік ішкі істер бөлімінде жұмыс істеп, 30 жылдан астам қызмет етті. Бүгінде әскерилер соғыс ардагерінің жағдайын біліп, көмек қолын созып тұрады. Олар үй ауласын қоқыстан тазартып, баспалдақ пен қабырғаларды қалыпқа келтірді.
«Жамбыл аймағында ардагерлер аз қалды. Сондықтан олардың көңілінен шығу үшін осындай шаралар жиі жасау керек. Себебі олар кейінгі ұрпақ үшін майданда күресті, барын салды», – деді ҚР Қорғаныс министрлігі Жамбыл аудандық пайдалану бөлімі РММ бастығының орынбасары Бекежан Жақыпов.
Соғыс – бұл үлкен қасірет. Қаншама әйел жесір, буыны бекімеген балалар жетім қалды. Сондықтан майдангердің қазіргі тілегі – тек бейбіт өмір. Қазақстаннан соғысқа 1 млн 200 мың жауынгер аттанса, соның тең жартысы соғыстан қайтып оралмаған.
Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, Тараздан
Оқи отырыңыз: Алматыдағы Жеңістің 80 жылдығына орай ҰОС ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне төлем көбейтіледі