Премьер-министр Павлодар облысына жұмыс сапарымен барды
Премьер-министр Павлодар облысына жұмыс сапарымен барып, Президенттің өнеркәсіпті дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысымен танысты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Олжас Бектенов бірнеше кәсіпорынның өкілдерімен кездесіп, отандық тауар өндірушілерді қолдау және цифрлық шешімдерді енгізу жайын талқылады. Ол алдымен жылына 30 миллион тонна кен өңдейтін зауытқа ат басын бұрды. Кәсіпорын былтыр 105 мың тонна мыс игеріпті. Дайын өнімдерді Қытай, Түркия, Өзбекстан мен Бельгияға экспорттайды. Сондай-ақ компания жұмысшы мамандықтары жылы аясында биыл 200-ден астам студентті ақылы тағылымдамадан өткізуді жоспарлаған. Бүгінде зауытта 14 мыңнан аса жұмыс орны бар.
«Еліміз өңдеу саласына көшу керек және жоғары деңгейде өңделген тауарлардың өндірісін арттыру қажет. Мемлекет басшысы осындай міндет қойып отыр. Салық кодексінде жоғары деңгейде тауар өндіргендерге салықты аз төлейтін қосымша жеңілдіктер қарастырылған. Бұның барлығы өңдеу саласын ынталандыру үшін жасалып жатқан қадамдар. Яғни қаражат өз елімізде қалады деген сөз. Қазір көптеген елдер қазақстандық шикізат өңдеуді дамытып жатыр. Ол өзімізге де керек, – деді ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов.
Премьер-министр Екібастұздағы вагон жасайтын компанияға барып, отандық өндірісті одан әрі арттыру жоспарымен танысты. Кәсіпорын құрылғалы бері 9 мыңнан астам жартылай вагон, 26 платформа және 2 жабық вагон шығарған. Олжас Бектенов елдегі вагондар жаңартуды қажет ететінін еске салып, жауапты министрліктерге кәсіпорынның өндірісін кеңейтуге бағытталған басталамаларды пысықтауды тапсырды.
«Зауытта 800-ге жуық маман жұмыс істейді. Жұмысшы мамандық жылында зауытымызда оқу орнын ашып, 800 қызметкердің біліктілігін арттыру жұмысын атқарып жатырмыз. Зауыт айына 240 вагон шығарады», – деді «Қазақстан вагон жасау компаниясы» ЖШС бас инженері Жоламан Ахмедиев.
Оқи отырыңыз: Заңсыз тексергені үшін лауазымды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тарттылды