Елімізде 6 жыл ішінде 4,4 мың шақырым жол қайта жаңартылды

17.03.2025 11:27

Жолдардың құрылысы мен оларды жөндеу жұмыстары Президенттің тұрақты бақылауында

Vishal Sharma/unsplash.com/

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша былтыр 86 мың шақырым инженерлік желіні жаңғыртуды, сондай-ақ жаңа қуат көздерін іске қосуды көздейтін Ұлттық жоба іске асырыла бастады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің ресми ақпараттық ресурсына сілтеме жасап.

Сонымен қатар жолдардың құрылысы мен оларды жөндеу жұмыстары Президенттің тұрақты бақылауында. Соңғы алты жылда республикалық маңызы бар 4,4 мың шақырым автожолдарды, оның ішінде Орталық – Шығыс, Орталық – Оңтүстік, Талдықорған – Өскемен, Ақтөбе – Атырау – Астрахан және басқа да күре жолдарды реконструкциялау аяқталды. 

2024 жылы 12 мың шақырым көлік магистралі құрылыс-жөндеу жұмыстарымен қамтылды, оның 8 мың шақырымы – республикалық, ал қалған 4 мың шақырымы жергілікті жолдарға тиесілі. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Сондай-ақ кейінгі алты жылда 250-ге жуық жол бойындағы сервистік жаңа нысандар салынды. Жол бойында ұлттық стандартқа сай келетін қызмет көрсету нысандарының үлесі 52%-дан 90%-ға дейін ұлғайтылды.

Теміржол көлігі арқылы жүк тасымалдау көлемінің өсуімен қатар жолдарды жөндеу жұмыстарына деген қажеттілік те арта түсуде. Жыл сайынғы күрделі жөндеу көлемі 2019 жылмен салыстырғанда 2024 жылы 41%-ға өсті. Алты жыл ішінде барлығы 3 мың шақырым теміржолға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. 

Биыл Достық – Мойынты теміржол учаскесінің екінші желісінің құрылысы аяқталады, бұл өткізу қабілетін 12 жұп пойыздан 60 жұп пойызға дейін арттырады. Сондай-ақ Алматы бекетін айналып өтетін теміржол желісі де Алматы торабының жүктемесін 40%-ға жеңілдетеді. Аталған жобаларды іске асыру Еуропа мен Қытай арасындағы жүк айналымын, сондай-ақ еліміздің экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

2019 жылдан бері теңіз көлігі арқылы тасымалдау көлемі 20%-ға өсті. Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша айтарлықтай өсім қалыптасып отыр. Көлік инфрақұрылымын жаңғырту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың есебінен ТХКБ арқылы транзиттік тасымал көлемі 2019 жылдан бері алты есеге (2024 жылы – 4,5 миллион тонна), қазақстандық өнім экспорты 12 есеге өсті. 

Мемлекет басшысы жариялаған Астана – Арқалық – Торғай – Ырғыз жаңа тасжолы аталған бағытқа тың серпін бермек.

Оқи отырыңыз: Елімізде екінші және үшінші атом электр станцияларын салатын жерді таңдау жұмыстары басталды