Елімізде былтыр 1 миллионға жуық азамат жұмыспен қамтылды

28.02.2025 16:27

714 мың азамат тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды

Trent Erwin//unsplash.com

Былтыр 1 миллионға жуық азамат жұмыспен қамтылды. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқар Биахметов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды Almaty.tv

«2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 979 мың азамат жұмыспен қамтылды, оның 714 мыңы тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды. Ұлттық жобалар мен салалық тұжырымдамалар аясында 65 мыңға жуық азамат жұмысқа орналастырылды. Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға шаққанда 100 жұмыс орны» бастамасы аясында – 314 мыңнан астам адам, жұмыс берушілер ұсынған бос жұмыс орындарына – 359 мың адам және тағы 241 мыңнан астам адам жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары аясында жұмысқа орналасты», – деді вице-министр.

Сондай-ақ Асқар Биахметов ай сайын Еңбекминінің ақпараттық жүйелері арқылы жұмысқа орналасқандардың міндетті зейнетақы жарналарының бар-жоғын тексеру және олармен электрондық еңбек шарттарын жасасу арқылы жұмысқа орналасуға мониторинг жүзеге асырылатынын айтты.

Оқи отырыңыз: Жас кадрлардың жұмысқа орналаса алмай жүргені жасырын емес - Мәулен Әшімбаев