70 елдімекенде ауа сапасын бақылайтын 170 станса орнатылған
Халықаралық IQAir зерттеу компаниясының мәліметінше, Алматы ауа ластану индексі бойынша әлемде 8-орында тұр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматылық Тоты Санатова – техника ғылымдарының кандидаты, тәжірибелі эколог. Оның айтуынша, еліміздегі ауа сапасы жылдан жылға нашарлап барады. Бұған негізгі себеп автокөліктер, өндіріс орындары, тіпті шағын наубайханалар мен қоғамдық тамақтану орындары, әсіресе, коммерциялық нысандардың мұржаларынан шығатын түтін экологияға үлкен зиян тигізетінін атап өтті.
"Алматыда 400 метрден жоғары биіктікте жылы ауа қабаты бар. Сол себепті қаладағы көліктерден, зауыттардан немесе басқа да көздерден шыққан түтін мен зиянды газдар осы қабаттан асып кете алмайды. Сондықтан Алматының ауасы жиі ластанып, тұмша пайда болады", – деді инженер-эколог Тоты Санатова.
Бүгінде мегаполисте қоршаған ортаны қорғауға бағытталған бірқатар экологиялық шаралар жүзеге асырылып жатыр. Мәселен электрлі көліктер мен автобустар сатып алынып, экопосттардың саны артқан. Қазгидромет мамандарының мәліметінше, қазіргі таңда елімізде 70 елдімекенде ауа сапасын бақылайтын 170 станса орнатылған. Соның ішінде 9 қалада ауаның ластану деңгейі жоғары екені анықталыпты. Олардың қатарында Атырау, Қарағанды, Теміртау, Сәтбаев және басқа да қалалар бар.
"Бұл стансалар ауа сапасының негізгі және арнайы көрсеткіштерін өлшеуге арналған. Олар үздіксіз мониторинг жүргізіп, жиналған ақпаратты «Қазгидромет» жүйесіне жіберіп отырады, әрі қарай өңдеу және талдау жүргізіледі. Қоршаған орта нысандарында жоғары деңгейдегі ластану анықталған жағдайда, бұл ақпарат жедел түрде Экология министрлігінің реттеу және бақылау комитетіне жеткізіліп, қажетті шаралар қабылданады", – деді «Қазгидромет» РМК Экологиялық мониторинг басқармасының Басшысы Ғалия Әмірова.
Әлемнің 134 еліндегі 30 мыңнан астам стансадан алынған деректер бойынша ауасы ластанған қалалар анықталады. Өткен айда оған Алматы да кірген. Сарапшылар оны денсаулыққа өте қауіпті деп бағалаған. Бүгінгі таңда бұл тізімнің көшін Каир бастап тұр.
Мәди мәлік, Амина Үсенова
Оқи отырыңыз: Астанада биіктен құлаған қыз жансақтау бөлімінде жатыр