Елімізде құтқарушылардың жалақысы 10 пайызға өседі

Министр биік ғимараттарға қойылатын өртке қарсы талаптарды күшейтпек

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде құтқарушылардың жалақысы 10 пайызға өседі. Бұл туралы Мәжілісте төтенше жағдайлар министрі мәлімдеді. Шыңғыс Әріновтің айтуынша, бұл жаңашылдық келесі жылы іске аспақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов баяндамасын жақсы жаңалықтан бастады. Енді от пен судан тайсалмайтын төтеншеліктер де тұрғын үй төлемдерін алатын болады. Әрине, егер депутаттар заңды қабылдап, Сенат мақұлдап, Президент қол қойса. Әзірге Әрінов "20 мыңға тарта азаматтық қорғау қызметкері төлем алудан үмітті" дегенді айтты.     

"Біздің құтқарушыларға жақсы мүмкіндік болады. Өйткені сол төлемдерді жинақтауға немесе баспананы жалға алуға болады. Әртүрлі механизмі бар. Тура әскерилердің және Ішкі істер министрлігінің бағдарламалары сияқты іске асады. Көптеген адамдар сол тұрғын үй, баспана мәселесін шешеді", – деді ҚР ТЖМ Шыңғыс Әрінов.

Әріновтің арыны қатты. Министр биік ғимараттарға қойылатын өртке қарсы талаптарды күшейтпек. Сөзінше, кейінгі жылдары биік нысандар мен адамдар көп баратын орындарды өрт нормаларын сақтамайтындар көбейген. Бұл өлімінің көбеюіне әсер етеді. Сондықтан биіктігі 28 метрден асатын нысандарды әуелі министрлік тексереді. Сондай-ақ азаматтар жиналатын нысандарды сақтандыру да міндетті болмақ.

"Тәжірибе жүзінде жанып кеткен ғимарат, зардап шеккен адамдар бар. Сол мүлкінің құнын ала алмай жатады. Сондықтан да сақтандыру жүйесі дұрыс істеп, бәрі ойдағыдай болса, ол адамдардың көбісінің жағдайы шешіледі деп ойлаймыз. Біздің тарапымыздан тексеру қағазы беріледі. Егер ол болмаса, жауапкершілікке тартамыз", – деді министр.

Депутаттар мен журналистер "Көктемгі тасқын" тақырыбына тоқталды. Сұрақтарға жауап берген ведомство басшысы биыл су басу қаупі жоғары бес облысты атады. Олар – Батыс Қазақстан, Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан  пен Шығыс Қазақстан облысы. Министр қарғын сумен күресуге дайын екенін айтты

"Атқарылған шараға мен тікелей жауап бере аламын. Барлық істеген, істемеген нәрселерім үшін жауап бере аламын, жауапкершілікті өзім ала аламын", – деді ол.

Министр былтырғы тасқыннан сабақ алып, тәжірибе жинағанын жеткізді. Ал биыл техникаларды су басуы ықтимал аймақтарға дер кезінде апаратынын айтты.

Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Дастан Темірбекұлы, Астанадан

Новости партнеров