Сенатор Жақып Асанов су тасқынымен күрескеннен гөрі оның алдын алу әлдеқайда маңызды екенін ескертті
Қазақстанда 1 мың 200-ден астам елдімекенді су басу қаупі бар. Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов апаттың алдын алу мақсатында 1 мың 400 іс-шараның қолға алынғанын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Елдімекендерді қорғау үшін 576 шақырым қорғаныш бөгеттері салыныпты. 164 шақырым дренаж жүйесі жөнделіп, 960 автомобиль және темір жолдардың астына су өткізу құрылыстары орнатылған. Бұған қоса 74 өзеннің қауіпті учаскесінде 300 шақырымнан астам тереңдету мен жағалауды нығайту, 190 шақырым тазарту жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар Президент тапсырмасымен министрлік қарамағында Төтенше жағдайлардың алдын алу комитеті құрылды. Бұл бөлімше табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу шараларының орындалуын бақылайды.
"Министрлік ықтимал су тасқынын жою тәсілін қайта қарады. Бірінші кезекте, қауіпті учаскелерге мониторинг жүргізіп, төнген қатерге дереу ден қоямыз. Бұл тәжірибе өрт қауіпті кезеңде қолданылған болатын және тиімділігін көрсетті. Осылайша Стратегиялық жоспарлау және шұғыл басқару командалық орталығы құрылды. Оның негізінде техногендік және табиғи апаттарды болжау, модельдеу және талдау үшін бірқатар цифрлық сервис біріктірілді", – деді ҚР Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов.
Ал сенатор Жақып Асанов су тасқынымен күрескеннен гөрі оның алдын алу әлдеқайда маңызды екенін ескертті. Былтыр елдің есін алған қарғын судан келген шығынды айтқан депутат "Жыл сайын тасқынның салдарымен күресе берсек, бюджет ақшасы жетпей қалады" дейді. Оның үстіне Ресейдің кей өңірлерінде су тасқыны қазірдің өзінде басталып жатқан көрінеді. Орынбор, Орск, Омбыда су арнасынан шығып, маңайын басып қалған.
"Демек ол топан су көп ұзамай бізге де келеді. Осыған орай, Президент су қоймаларын жөндеу немесе жаңадан салу, суару каналдарын ретке келтіру, ғарыштық мониторингті барынша пайдалану, қауіп бар жерлердің картасын жасау, сол жерлерде мүлік сақтандыруды жаппай енгізу сынды міндет қойды", – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Жақып Асанов.
Сондай-ақ, мүлікті сақтандыру жайын сөз еткен Төтенше жағдайлар министрі вице-премьер Қанат Бозымбаевтың қатысуымен арнайы жиын өткізіп, талқылау ұйымдастырды. Бірақ жеке үйлерді сақтандыруға қаржы институттары аса құлықсыз көрінеді.
"Жұмыс тобы құрылды. Қазіргі уақытта сақтандыру моделін таңдау және әлемдік тәжірибені зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Себебі көптеген ірі банктер мен қаржы институттары бұл бағдарламаға қаражат бөлуге аса мүдделі емес сияқты. Осыған байланысты қиындықтар бар. Қазір Дүниежүзілік банк пен Азия даму банкімен жұмыс жүргізіп жатырмыз", – деді ҚР ТЖМ Шыңғыс Әрінов.
Көктемгі су тасу кезеңіне Төтенше жағдайлар министрлігі көрші мемлекеттердің мамандарымен бірігіп дайындалып жатыр. Тіпті бұл мақсатта "Тасқын" деген арнайы қосымша іске қосылған. Ол өзендер мен көлдер деңгейінің көтерілгені туралы жедел ақпарат беріп отырады. Оның үстіне, қарғын су бола қалса жұмылдырылатын 37 мың маман, 640 суда жүретін жабдық, 13 мың техника мен 4 мың мотопомпа дайын тұр.
Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, Астана
Оқи отырыңыз: Cу басуы мүмкін 8 облыс анықталды