Елімізде жекешелендіруге берілетін объектілерді сату қағидаларына өзгеріс енгізілді

26.11.2024 19:08

Жоғары аудиторлық палата мемлекеттің жекешелендіру саласындағы саясатының тиімділігіне аудит жүргізді

Елімізде жекешелендіруге берілетін объектілерді сату қағидаларына өзгеріс енгізілді, деп хабарлайды Almaty.tv

Өзгеріске сәйкес, мемлекеттік мүлік тізілімінің порталында сауда-саттық өткізу туралы хабарлама жарияланғаннан кейін сатушы өз аудиториясын әлеуметтік желілер арқылы қосымша хабардар етуі тиіс. Сондай-ақ саудаға қатысу үшін төленетін кепілдік жарнаның шекті мөлшері алынып тасталынады.

"Бұрын сауда-саттыққа қатысу үшін енгізілетін кепілдік жарна 30 мың айлық есептік көрсеткіш болатын. Өзгеріс енгізілгеннен кейінгі жарна жекешелендіру объектісінің бастапқы бағасының 15 пайызын құрайтын болады. Бұл – үлкен сома. Десе де, сауда-саттыққа нақты мүлікті алғысы келетін және сатып ала алатын адамдар ғана қатыса алады", – деді Жоғары аудиторлық палатаның мемлекеттік аудиторы Дархан Төлеубеков.

Жоғары аудиторлық палата мемлекеттің жекешелендіру саласындағы саясатының тиімділігіне аудит жүргізген. Нәтижесінде бұл процесті реттейтін нормативтік-құқықтық базада олқылықтар анықтаған.

"Әр өңірде түрлі олқылықтар анықталды. Мәселен Павлодар облысында денсаулық сақтау объектілері сенімгерлік басқаруға 1 жылға берілгенде, қосымша ешқандай шарттар көрсетілмеген. Ал Жамбыл облысындағы денсаулық сақтау нысанын сенімгерлік басқаруға 10 жылға бергенде міндетті түрде медициналық жабдықтарды сатып алу, жұмыс орындарын сақтау, жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделген", – деді Жоғары аудиторлық палатаның мемлекеттік аудиторы Дархан Төлеубеков.

Оқи отырыңыз: Елімізде қай қалаларда темір жол бекеті жаңартылды