ТЖМ ауа райы туралы ескертуге назар аударуды сұрайды
Қолайсыз ауа райына байланысты түнде бірнеше облыста қар құрсауында қалған ондаған адам құтқарылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Атап айтқанда, Ұлытау облысында қар құрсауынан 11 адам құтқарылды. Жаңаарқа ауданында Жаңаарқа ауылынан 40 шақырым жерде «Қарағанды-Самарка-Атасу-Айнабұлақ» автожолының жабық учаскесінде адамдар мінген 2 жеңіл көлік қар құрсауында қалып қойған.
«ТЖМ құтқарушылары боранда, қалың қарлы жолды еңсере отырып, бірнеше ондаған шақырымды жүріп өтіп, Жаңаарқа кентіне 11 адамды, оның ішінде 6 баланы құтқарып, жеткізді. Құтқарылғандар медициналық көмекке мұқтаж болмады», - делінген министрлік хабарламасында.
Сонымен қатар Қарағанды облысында қар құрсауынан 5 адам құтқарылды Абай ауданында Ақбастау ауылынан 5 шақырым жерде қар құрсауында 3 жеңіл көлік тұрып қалған. Құтқарушылар оларға жетіп, Ақбастау ауылына 5 адамды жеткізді. Олар медициналық көмекке мұқтаж болған жоқ. ТЖМ қызметкерлері қар құрсауында қалған жолаушыға көмекке келді.
Сондай-ақ Қарағанды облысы Бухар-Жырау ауданында Құрылыс ауылы манында қар құрсауында 4 адам мінген жеңіл көлік тұрып қалған. Құтқарушылар жол талғамайтын Трэкол көлігімен оларға жетіп, көлікті жолдың тазартылған учаскесіне сүйреп шығарды. Олар медициналық көмекке мұқтаж болған жоқ.
Ал Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында «Ырғыз-Нура» автожолының 80 шақырымында Газель маркалы көлігі қарда тұрып қалған. ТЖМ құтқарушылары вахтовка автокөлігімен көлікті тазартылған жолға тартып шығарды. Жолаушы сапарын әрі қарай жалғастырды. Медициналық көмекке мұқтаж болған жоқ.
ТЖМ ауа райы туралы ескертуге назар аударуды және ауа райы нашарлаған жағдайда елдімекеннен тысқары шығудан аулақ болуды ұсынады.
Оқи отырыңыз: Кей өңірде жауын-шашын болады: жексенбіге арналған ауа райы болжамы