Техникамен тіл табысқан "Алматы тазалық" қызметкері ұжымында да сыйлы
Саршұнақ аяз, сіркіреген жауын, ұйытқыған жел бұл азаматтардың жұмысына кедергі емес. Қауырт жұмысты тоқтатпай, тас жол тазалығын тұтастай сақтап, күн-түн демей жұмыс істеп жүрген жандардың еңбегі қашанда елеулі. Олардың қатарында жасы да, жасамысы да бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бақытжан Сыдықжановтың қала тазалығын сақтауға үлес қосып жүргеніне 10 жылдың жүзі болған. Ауыр көлікті тізгіндеген азамат 50-ді еңсерген. Жыл 12 ай дамылсыз жұмыс істеп, қарлы, боранды күндері шаһардың шырайын келтіруге атсалысады. Бірақ одан шаршамайды, керісінше, қуат алады.
"Бала күнімізде трактор жүргізіп үйрендім. Ауданда қосымша курс оқып, білім жетілдірідім. Техникадан хабардар болуымыз керек", – деді трактор жүргізушісі Бақытжан Сыдықжанов
Техникамен тіл табысқан "Алматы тазалық" қызметкері ұжымында да сыйлы. Әріптестері ерен еңбегі мен ақкөңіл мінезін үлгі тұтады. Олардың айтуынша, Бақытжан Сыдықжанов – көліктің қай-қайсысы болмасын, бес саусағындай білетін мықты маман.
"Бақытжан, мынаны көріп берші" деп бәріміз кеңес сқраймыз. Техника саласында жақсы маман. Ұжымда белсенді, – деді Б. Сыдықжановтың әріптесі Құдайберген Әбжанов.
"Бақытжан өте еңбекқор жігіт, кішіпейіл, көмегін ешкімнен аямайды, техниканы тілін жақсы біледі", – деді Б. Сыдықжановтың әріптесі Қылышбай Ерназаров.
Бақытжан Сыдықжанов – мықты маман ғана емес, тынымсыз тірлігінің арқасында 4 бала өсіріп отырған көпбалалы әке. Отбасының тұңғышы отау құрып, қазір өз алдына үй боп отыр.
"Екі қызым оқып жатыр, оларға көмек беремін, қыздарым тілеуімді тілеп отырады. Себебі жұмыс істеп, үш-төрт күн жоқ боп кетеміз", – деді трактор жүргізушісі Бақытжан Сыдықжанов.
Тегеурінді техника тізгіндеп, темірдей тәртіппен шаһар көшелерін тұтастай тазалықта ұстап жүрген қызметкерлердің еңбегі қашанда есте болуы қажет.
Елдар Серікұлы, Ернат Болатбек
Оқи отырыңыз: Алматының коммуналдық қызметі қысқа дайындығын көрсетті