Еңбек адамы - жұмысшыдан шеберге, кейіннен басшылық қызметке дейін көтерілген азамат
Қыс қаһарлы, аяздың беті қайтпай тұрған кезде қала тұрғындары үшін үйдегі жылу мен ыстық су – негізгі қажеттілік. Ал бұл жайлылықтың артында күн-түн демей еңбек етіп жүрген жандар тұр. Олар – қытымыр қыста мегаполисті жылумен қамтып отырған мамандар. Солардың ішінде көш бастап, 38 жылдан бері энергетика саласында тер төгіп келе жатқан Алкен Кенжебаевтің қажырлы еңбегін ерекше атап өткен жөн, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алкен Кенжебаев – өмірін бір ғана мамандыққа арнап, адал еңбек атқарғанының нәтижесінде қатардағы жұмысшыдан шеберге, кейіннен басшылық қызметке дейін көтерілген азамат. 1985 жылы еңбек жолын слесарь болып бастаған ол – бүгінде Алматының жылу жүйесіне жауаптылардың бірі. Нақтырақ айтсақ, кейіпкеріміз 2019 жылдан бері үшінші учаскедегі қазандықтың басшысы қызметін атқарып келеді.
"Компанияда әр маман иесі өз міндетін жақсы меңгерген. Жұмыс барысы, процестері өзара оптималды келістірілген. Сол себептен компания бір ағза сияқты жұмыс атқаруда. Мақсат – халыққа үздіксіз ыстық су беру", – деді қазандық шаруашылығының №3 учаскедегі басшысы Алкен Кенжебаев.
"Күнде таңертең талап қойылады, біз орындап келеміз", – деді қазандық шаруашылығының №3 учаскедегі шебері Абылай Қармандаев.
Маманның жетекшілік ететін қазандығы Алматыдағы 85 нысанның бірі. Дәл осы учаске мегаполистегі балабақша мен мектеп, аурухана және тұрғын үй сияқты маңызды нысандарының 35 пайызын қамтиды.
"Алматы қаласы бойынша 2024 жылдың 7 қазаннан бастап жылыту маусымы басталды. Содан бері қазандықтар бір қалыпты жұмыс істеп келеді. Маусымы аяқталғаннан кейін, 15 сәуірден бастап қайтадан жөндеу жұмыстар басталады. 85 қазандықта жөндеу жұмыстары жүргізіледі, сорғылар ауыстырылады. Көктемнен бастап, келесі 2025-2026 жылғы жылыту маусымына толықтай дайындаламыз", – деді жылу компаниясының бас инженері Абзал Жағыпаров.
Қажырлы еңбек әрдайым еленеді. Алкен Байғабайұлы – өзі жұмыс істейтін кәсіпорынның 60 жылдық тарихында ІІІ дәрежелі "Еңбек Даңқы" орденін алған алғашқы маман. Өзінің айтуынша, бұл марапат тек оның ғана емес, бірге жұмыс істеп жүрген барша қызметкердің ортақ жетістігі.
Оқи отырыңыз: Еңбек адамы: тұңғыш тракторшы әйелдің портреті музейге қойылды