Енді басқа біреудің электронды цифрлы қолтаңбасын пайдаланғандар жазаға тартылады

17.03.2025 12:50

Тиісті норма 2025 жылғы 13 наурыздан бастап күшіне енді

Curated Lifestyle/unsplash.com/

Қазақстанда басқа адамның электронды цифрлық қолтаңба кілтін пайдаланғандар да әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Тиісті норма 2025 жылғы 13 наурыздан бастап күшіне енді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшсі  Azattyq Rýhy агенттігіне сілтеме жасап.

Бөтен біреудің ЭЦҚ кілтін пайдаланғандар Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 640-бабы бойынша жазаланады.

«Яғни, басқа адамның ЭЦҚ кілтін пайдаланғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылады. Бұған дейін әкімшілік жауапкершілік тек ЭЦҚ кілтін үшінші тұлғаларға заңсыз беру және оны қорғау бойынша тіркеу куәлігінің иесі тарапынан қажетті шараларды қабылдамау жағдайларына ғана қолданылатын. Енді өзгерістер күшіне енгеннен кейін, ЭЦҚ-ны заңсыз бергендер де, оны пайдаланған тұлғалар да жауапқа тартылады», - деп түсіндірдіЦифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі.

Айыппұл мөлшері:

  • жеке тұлғаларға – 50 АЕК (196 600 теңге),
  • лауазымды адамдар мен шағын бизнеске – 100 АЕК (393 200 теңге),
  • орта бизнеске – 150 АЕК (589 800 теңге),
  • ірі бизнеске – 200 АЕК (786 400 теңге).

Сонымен қатар, енді жеке және заңды тұлғалардың дербес деректерді қорғау және электрондық цифрлық қолтаңба салаларындағы әкімшілік құқықбұзушылықтар үшін әкімшілік жауапқа тарту мерзімі құқықбұзушылық жасалған күннен бастап екі айдан бір жылға дейін ұзартылды.

Ал дербес деректерді заңсыз жинау, өңдеу және оларды қорғау шараларын сақтамағаны үшін ӘҚБтК-нің 79-бабы бойынша айыппұлдардың мөлшері үш есе ұлғайтылады. Бұрын айыппұлдар құқықбұзушылық құрамына және кәсіпкерлік субъектісінің санатына байланысты 10-нан 1000 АЕК-ке дейін өзгеріп отырған. Енді олар 30-дан 2000 АЕК-ке дейін ұлғайтылады.

Оқи отырыңыз: Алматы облысында экс-депутат жалған құжат рәсімдеп, 474 млн теңге алған