Ерсі ойын: Талдықорғанда сынып жетекшілер жұмыстан босатылды

03.03.2025 15:50

Балалардың ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл арқалаған

Жетісулық оқушылардың ерсі ойыны жұртты шошытты. Жаға ұстатар жағдай желіде сенбі күні тараған. Онда бірнеше жасөспірімнің оқушыны дәретханаға кіргізіп, ерсі әрекет жасағаны байқалады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Кейін бейнежазбаның Талдықорған қаласындағы Абай атындағы мектепте түсірілгені, видеодағылардың 8-9 сынып оқушылары екені анықталды. Көпшіліктің наразылығынан кейін полиция департаментіндегілер оқиғаға қатысы бар оқушылармен профилактикалық жұмыс жүргізген. Ал балалардың ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл арқалаған. Білім басқармасындағылар тәртіптік бақылаудың күшейтілгенін жеткізді.

"Мәселе бойынша мектептің екі сынып жетекшісі лауазымдық міндетінен, ал тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарлары өз еркіменжұмыстан босатылды. Мектеп директорына қатаң сөгіс жарияланды", – деді Жетісу облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Қасымов.

Оқи отырыңыз: Астанада бұзақылардың әрекетін қала тұрғындары үлкен экраннан көре алады