Ал өзге екі науқастың жағдайы жақсы
Түркістан облысындағы газ құю бекеттерінің біріндегі жарылыстан зардап шеккен үш адамның біреуі ауруханада көз жұмды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Дәрігерлер 22 жастағы жігіттің жансақтау бөлімінде қайтыс болғанын айтты. Ал өзге екі науқастың жағдайы жақсы. Бүгін олар үйлеріне жіберілмек. Облыстық Полиция департаменті аталған оқиға бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу жүріп жатқанын мәлімдеді. Өрт бойынша тиісті сараптама да тағайындалған.
«Құтқарушылар оқиға орнына жеткен кезде жеңіл автокөліктің автогаз құю станциясына соқтығысуы салдарынан жарылыс болғаны анықталды. Соқтығыс нәтижесінде резервуардан газдың ағуы орын алып, кейін газ-ауа қоспасы тұтанған. Өрт жақын маңда тұрған көлікке ауысқан», – деді Түркістан облысының Төтенше жағдайлар департаменті.
Естеріңізге сала кетейік, 21 наурызда Шардара ауданына қарасты Жаушықұм ауылында жеңіл көлік газ құю колонкасын соғып, салдарынан жойқын жарылыс болған. Оқиға орнында екі адам қаза тауып, үшеуі аудандық ауруханаға жеткізілген. Марқұмдардың бірі – 49 жастағы Жамбыл Мамыров. Ол соңғы үш жылда әйелі және үш баласымен сол станса аумағында тұрған. Куәгердердің айтуынша, жарылыс кезінде балалары сыртта ойнап жүріп, аман қалған.
Оқи отырыңыз: Алматының Түрксіб ауданында 33 заңсыз сауда нысаны мен 16 күш өлшеуіш бұзылды