Фауардың бітімгерлік базасында қалған 38 әскери қызметші келді
БҰҰ-ның Голан жоталарындағы миссиясында алғашқы бітімгерлік контингент құрамында қызмет еткен әскери қызметшілерді астаналық әскери авиация базасында қошеметпен күтіп алды, деп хабарлайды Аlmaty.tv Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бітімгерлерді Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев қарсы алды. Қолбасшылық өкілі оларға адал қызметі және бейбітшілік пен халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға қосқан үлесі үшін алғысын білдірді.
«Дәл осы рейспен елордаға екінші ұлттық контингенттің командалық құрамына лауазым мен істерді беру үшін Фауардың бітімгерлік базасында қалған 38 әскери қызметші келді», - делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетсек, бір жыл ішінде халықаралық стандарттар мен талаптар бойынша жарақтандырылған дербес қазақстандық бітімгерлік контингент БҰҰ миссиясының мандатына сәйкес қарсылас тараптар арасында атысты тоқтату режимін қолдаумен айналысқан. Жауапкершілік аймағында жеке құрам 600-ден аса тапсырманы орындады. Қазақстандық бітімгерлердің қызметі БҰҰ миссиясы мен хатшылығы басшылығы тарапынан жоғары бағаланды.
Оқи отырыңыз: Оқушылардың жаппай улануы: Маңғыстауда мектеп асханаларына тексеру жүргізіледі