Игі істердің бастамасы: бүгін - Қайырымдылық күні

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv

Наурыз мейрамы 14-23 наурыз аралығында он күн бойы аталып өтеді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Наурыз мейрамын өткен жылдан бері он күн бойы – 14-23 наурыз аралығында тойлай бастадық. Кеше Көрісу күні – Амал мерекесі болса, бүгін - Қайырымдылық күні. Қайырымдылық – қоғамның әлеуметтік мәселелерін шешуге, әлсіз топтарға қолдау көрсетуге бағытталған маңызды іс-әрекет. Тек материалдық көмек көрсету емес, адамгершілік, моральдық құндылықтарды қамтитын, сондай-ақ адамдардың шынайы жүрегінен шығатын игі істердің бастамасы саналады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Қазақтың қайырымдылығына не түрткі болды?

- Қайырымдылық тек қазақта ғана емес өзге халықта да бар. Бұл - қазіргі ғылыми тілмен айтқанда эмпатия дейтін жалпы адами қасиет. Адамның адам көңіліне қарауы, қолдан келгенше көмектесуі, яғни адамсүйгіштік. Қазақтың қайырымдылық дәстүрінің, адамгершілік қасиетінің көбірек не азырақ екендігін айта алмаймын. Бірақ, ата-бабаларымызда болған бұл қасиет бізде де бар. Оның сыры неде? Ата-бабаларымыз ұланғайыр далалық өмірді жайлады. Бір шеті – Түркістан, Сырдың бойы, тіпті одан ары Жиделі-Байсын жері, солтүстік жағымыз – Сібір, батысымыз – Еділ-Жайық, шығысымыз – Алтай-Тарбағатай, Іленің басы. Осы ұлан-байтақ кеңістікті жайлаған заманда көшіп-қонып жүрдік. Көшіп-қону оңай емес. Бір жерде тұрақтап отыру бір басқа, көшіп-қону жүру бір басқа. Халық малдың жағдайын ойлап, мыңдаған шақырым жер көшіп-қонып жүрді. Мал семіз болса, халық бақуатты. Халық өзінен-өзі қаңғып, көшіп жүре бермейді, - дейді тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев.

Оның атап өтуінше, қазақ жерінің табиғи ортасы да алуан түрлі болып келеді. Далалық өңірі экстремалды десек те болады. Қысы – суық, күзі – салқын, көктемі – лайсаң, жазы – қапырық ыстық.

- Бір жағынан көшіп-қонып, екінші жағынан қатал құрлықтық климат жағдайында өмір сүрген кезде бір-біріне қайырымдылық көрсетпесе, жәрдем, қолғабыс бермесе болмайды. Өмір сүре алмайды. Сондықтан ата баласы болып бірігудің өзі соған байланысты. Көбіне шаруашылық тұрмысты ата баласы болып бірлесе атқарады. Сол жерде бір-біріне көмектеседі. Жалпы, қазақ халқының ата баласы – патриархиялық ұжымнан бастап үлкен ұлтқа дейінгі деңгейін отбасы деп айтуға болады. Мемлекет есебінде құрылған кезде отбасылық, тусқандық ұстанымды ұстанғанбыз, - деді тарихшы.

Жамбыл Омарұлы көшпелі қазақ халқының төңірегін көптеген көшпелі халық жайлағандықтан жаугершілік заманның да жиі орын алғанын алға тартады.

- Мұндай заманда жер тарылып, жайылып жетпей жатады. Осыған байланысты халықтар бір-бірімен шекісіп, қақтығысып отырады. Тіпті ішінде де, сыртқы халықтармен де қақтығыс болады. Мәселен, соңғы жоңғар-қалмақ шапқыншылығын айталық. Олар қайткен күнде де қазаққа жау болайын деп жауласқан жоқ. Оларға да жайылым, тіршілік ететін орта керек болды. 17 ғасыр мен 18 ғасырдың басында олар сонау Алтайдан, Іленің бойынан Еділдің бойына дейін көшті. Кейін 1771 жылдары саяси жағдайға байланысты кері қайтты. Осындай жаугершілік заман да қайырымдылықты талап етеді, - дейді.

Алаштан қалған «бөлінбейтін енші» ұғымы

Ғалым қазақтың қайырымдылық институты жақсы дамығанын айтады.

- Қазақта мұны реттейтін ережелер бар. Басты ереже - Алаштан қалған «бөлінбейтін енші» ұғымы бар. Қазақтың, тіпті бүкіл түркі халқының арғы бабасы Алаш қолындағы малын төртке бөліп, үшеуін үш ұлына – Ақарыс, Бекарыс, Жанарысқа бөліп беріп, бір бөлігін өзіне алып қалған екен. Қайтыс боларының алдында өзінде қалған бөлігін үш ұлына тағы да бөліп беріпті. Бірақ, бұл мал олардың жеке меншігі емес, ортақ меншігі екендігін айтып, қонаққа барғанда, жолаушы жүргенде, қиын жағдайға тап болғанда сол үлестен бір-біріне көмек көрсетуді өсиет еткен екен. Сол өсиетпен 20 ғасырдың басына дейін өмір сүрдік. Қазір де негізінен сол тәртіптің ұстанамыз. Бірақ толық емес. Бұрын толық ұстанатын едік, - деді тарихшы.

Ол осы орайда «бөлінбейтін енші» ұғымын толық ұстанудың не екендігін түсіндіріп өтті.

- Мәселен, жолаушылап келе жатып, бөтен ауылға келіп түстің делік. Ақсақалына барып сәлем беріп, жолығып, қазақ баласы, пәлен рудың адамы екендігіңді айттың. Сол кезде әлгі ақсақал «Алаштан қалған еншің бар» деп үйіне қондырып, асыңды береді. Жағдайы келсе малын сояды. Құрметпен қарсы алып, қонақ қылады. Қазақ жолға шыққанда азық алмайды. Демек, «Алаштан қалған еншің» деген ұғымның арқасында еркін жүрді. Мұнан бөлек, қазақта жақын адамдардың ортасында, руларда қолданылатын тағы бір ереже бар. Оны «жылу» деп атайды. Мәселен, бір жұтта малыңнан айырылып қалдың. Малдан айырылу ендігі сенің көшіп-қона алмайтыныңды білдіреді. Алдыңда екі жол ғана бар: не қайта мал жинау арқылы көше еріп жүру, не Түркістанға барып сарттардың ортасына қосылу. Қазақтар отырықшы халықты «сарт» дейді. Түркістан маңындағы өзбектің көпшілігінің түбі сарт, қазақ. Әдетте қазақ осы екі жолдың бірін таңдайды. Не отырықшылдыққа көшеді, не туыстары мал жинап береді. Мұны қазақ «жылу» деген. Сол арқылы біршама мал жинап көшке ереді, - деді Жамбыл Омарұлы.

Ғалым қазақта «қызыл көтеру» деген де қайырымдылық дәстүрінің болғанын атап өтеді.

- Ал кедейлеу адамның күн көріп отырған сиыры не биесі өлсе, онда оған көрсетілетін көмекті «қызыл көтеру» дейді. Ол уақытта кедейдің жақын ағайындарынан 12 адам өлген малдың орнын толтырады. Мәселен, соғымға сойғалы отырған малы өлсе, жақын ағайындары 12 жілік береді. Ал көшіп-қонып жүргенде жалғыз малынан айырылса, жақындары орнын толтырады. Қайырымдылыққа қатысты осындай дәстүріміз көп, - деді ол.

Қазақтың өмір сүру ұстанымының бірі - серілік

Жамбыл Артықбаев қазақ тыныс-тіршілігінде жомарттық негізгі ережелердің бірі болғанын айтады.

- Бірақ, Алаштан қалған өсиетке сай жомарттықты ең бірінші өз жақыныңа жасауың қажет. Атаңнан қалған еншіні өзгеге бөліп беруге еш хақың жоқ, жақсылықты ең бірінші ет жақыныңа жасауың керек. Қазақ тарихында өз халқына жақсылық жасау жазылмаған ережеге айналған. Ол үшін атымтай жомарт болудың қажеті жоқ. Қазақтың өмір сүру ұстанымының негізі туысқандық қарым-қатынас болса, екіншісі – рыцарлық (серілік). Рыцарь болу – ол ерлікті, арды жоғары қою. «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» – бұл ұстаным қазақтың рыцарлық қоғамының негізгі ережесі. Жомарттық арға байланысты. Сондықтан мүмкіндігінше бір-біріне көмектесіп отырады. Рыцарь болғаннан кейін ағайын-туысқа, жалпы Алаш баласына жомарттық таныту – міндет», - деді ғалым.

Тарихшы патша заманында қазақ халқы хандық биліктен, бір орталыққа бағынған мемлекетінен айырылып қалғанына назар аудартты.

- Бірақ, рулық деңгей жақсы сақталып еді. Соның арқасында қонақжайлыққа, қайырымдылыққа байланысты көп ереже өмір сүрді. Ал ХХ ғасырда теперішті көп көрдік, таяқты көп жедік. Халқымыздың жартысы қырылып қалды. Әсіресе, далалық өлкедегі рыцарлық дәстүрді, көшпелі дәстүрді сақтап отырған халқымыз көп қырылды. Сондықтан рыцарлық мінездің көбінен айырылып қалдық. Қазір оны, туысқандық жүйені қалпына келтіру өте қиын. Бұрын сырттан келген кез келген адамды ортаға сіңістіріп, туыс қылып жіберетін едік. Қазір оны жасай алмай отырмыз. Осындай мәселе көбейіп кетті. Сондықтан қазіргі уақытта қазақтың баяғы жомарттығын талап ету қиын, - деді Жамбыл Омарұлы.

Иә, халқымыз көмекке мұқтаж адамға көмек көрсетіп, қайырымдылық жасауды, кіріптарға қайыр беріп, қарттарды аялауды, мүгедектерді қолдап-қорғауды әрбір қайырымды адамның адамгершілік борышы деп есептейді. «Қайырымдылық ісіңнен көрінеді» деп санайды. Сондықтан болар бүгінде мемлекет тарапынан да, түрлі ұйымдар, кәсіпкерлер мен жекелеген адамдар тарапынан да қайырымдылық жасау тұрақты ұйымдастырылатын игі іс-шараға айналып отыр.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен 2024 жылы республика бойынша «Игі істер марафоны» жобасының аясында 1000-нан астам іс-шаралар ұйымдастырылды.

«Мейрімділік есептегіші» тетігінде тіркелген «Игі істердің» жалпы саны 7 200-ден асты. Оның ішінде 2 055 іс-шараны волонтерлердің өңірлік фронт-офистері өткізсе, қазақстандықтар 5 145 игі іс атқарды.

Жалпы, бұл іс-шараларға 50 мыңға жуық адам қатысты. Марафон қорытындысына сәйкес 5 тақырыптық апталықтар бойынша 3 жеңімпаздан және арнайы номинациялар бойынша 5 жеңімпаз анықталды.

Жоба биылғы 1 наурыздан бастап қайта жалғасты. Жоба аясында әлеуметтік белсенділікті арттыруға және дамытуға бағытталған тақырыптық оқиғаларды қамтитын арнайы күнтізбе әзірленді. Қазірдің өзінде «Qazvolonteer.kz» платформасында орналасқан «Мейірімділік есептегішінде» 353 «Игі іс» тіркелген.

Оқи отырыңыз: Көрісу – бірегейлігімізді танытатын керемет дәстүр

Новости партнеров