Әлеуметтік желіде жалған ақпарат таратқан азамат жазаланды
Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты әлеуметтік желіде жала жапқаны үшін Б. есімді азаматқа қатысты істі қарады, деп хабарлайды Аlmaty.tv хабарлайды Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Сот құқық бұзушының әлеуметтік желілерге зәулім үй көрсетілген бейнеролик жариялап, ол зәулім үйдің халықтың қайырымдылыққа берген қаражаттарына салынғанын, оның Астана қаласының бас имамына тиесілі екенін айтып, сол арқылы әлеуметтік желілерде ар-намыс пен қадір-қасиетке және басқа адамның беделіне нұқсан келтіретін көрінеу жалған мәліметтерді таратқанын анықтады", - делінген хабарламада.
Сот отырысы барысында құқық бұзушы өз кінәсін толық мойындап, үйдің кімге тиесілі екенін, оның қандай қаражатқа салынғаны белгісіз екенін түсіндірді, бейнероликті тек көру үшін жариялағанын айтып, өкініш білдірді.
Кінәлі әлеуметтік желілерде жәбірленушінің абыройы мен қадір-қасиетіне және беделіне нұқсан келтіретін жалған ақпарат таратқандықтан, сотта жәбірленуші оны заң бойынша жазалауды сұрады.
Құқық бұзушылық фактісі іс материалдарымен, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, бейнежазбамен және жәбірленушінің арызымен расталды.
ӘҚБтК 73-3-бабы 2-бөлігінің санкциясы 180 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе 20 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу түріндегі жазаны көздейді.
Сот жаза тағайындау барысында құқық бұзушының кінәсін мойындауын және шын жүректен өкінуін жеңілдететін мән-жай ретінде қарастырды.
Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
"Сот қаулысымен Б. ӘҚБтК-нің 73-3-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 180 АЕК (707 760 теңге) мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды", - делінген хабарламада.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.
Оқи отырыңыз: Ыдыс жууға ерінген: балаларды бір қасықпен тамақтандырған тәрбиеші жұмыстан бостылды