Енді шетелдік маркетплейстер Қазақстанда тіркелуге міндеттеледі

Бір жыл ішінде қазақстандықтар онлайн саудаға 3,2 триллион теңге жұмсаған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ел билігі тұтынушылардың құқығын қорғау мақсатында электрондық саудаға қатысты талаптарды күшейтпек. Себебі онлайн платформаларды пайдаланушылар тарапынан тауардың және көрсетілетін қызметтердің сапасына қатысты шағымдар көп түсе бастаған. Бұл мәселе Үкіметте көтерілді. Жалпы, бір жыл ішінде қазақстандықтар онлайн саудаға 3,2 триллион теңге жұмсапты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сауда-саттыққа жауапты Арман Шаққалиев елдегі интернет сауданы мықтап қолға алған сияқты. Министр 2029 жылға дейін электрондық алып-сату үлесін үш есеге ұлғайтып, 9,3 триллион теңгеге жеткізбек. Тіпті бұл саланы ілгерілету үшін Үкімет заңнаманы жетілдіріп, халыққа онлайн сауданың қыр-сырын үйрететін курстар оқытпақ. Қазірдің өзінде бұл бағытта кәсібін дөңгелетіп отырғандарды мемлекет қаржылай қолдауға кіріскен.

"Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп республика бойынша кәсіпкерлер үшін электрондық сауда бойынша оқу орталықтары ашылды. Өткен жылы электрондық сауда субъектілеріне сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау және кепілдік беру түрінде мемлекеттік қолдау шараларын көрсету ережелері қабылданды", - деді ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев.

Бұдан бөлек, Арман Шаққалиев шетелдік маркетплейстерді Қазақстанда тіркелуге міндеттемек. Өйткені, шекараның арғы жағынан тауарға тапсырыс беретін қазақстандықтардың шағымы көбейе түскен. Сондықтан да, ведомство мамандары халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, авторлық құқықты бұзу, сапасыз және қауіпті тауарды сату бойынша салық заңнамасына "қатаң" талаптар енгізбек. Бұл бастаманы Үкімет басшысы да қолдап отыр.

"Маркетплейстердегі тауарлардың сапасына қатысты да сұрақтар бар. Шетелдік алаңдар, отандық маркетплейстер де сапаға кепілдік бере алмайды. Өнімнің түпнұсқалығы туралы ақпарат көбінесе көрсетілмейді. Бұл – сапасыз тауар сатып алған тұтынушылармен қатар, бәсекенің заңсыз тәсілдеріне тап болатын өндірушілер үшін де қауіпті", - деді ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов.

Сондай-ақ елде 10 мың адамды жұмыспен қамтитын жаңа маркетплейс іске қосылады. Бұл жобаға 50 миллион доллар инвестиция тартылған. Одан бөлек, биыл шетелдік танымал екі электрондық сауда алаңы Астана мен Алматыда инвестиция көлемі 101,3 миллиард теңге болатын 3 орталық салмақшы.

Журналистердің "заңнамаға еңгізілетін өзгерістер сырттан келетін тауарлардың бағасына әсер етпей ме" деген сауалына Сауда министрі мардымды жауап бере алмады. Тек кейбір сарапшылар «өнім құны 15 пайызға өсуі мүмкін» деген болжам келтірді. Министр бұл қымбаттаудың Қазақстанда тіркелген сауда алаңдарына қатысы жоқ деп сендірді. Сондай-ақ Арман Шаққалиев отандық және шетелдік маркетплейстерге қойылатын талап бірдей екенін баса айтты.

Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, "Алматы" телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Былтыр мегаполисте есірткі жарнамасы бар жүзден астам граффити жойылды

Новости партнеров