Іс тоқтап тұр: балабақшада баласы күйіп қалған ана әділдік іздейді

Көпті дүрліктірген жағдайдан кейін, мектепке дейінгі білім беру мекемесі жұмысын тоқтатқан жоқ

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Атыраулық азамат баласы балабақшада күйіп қалғаннан кейін қаннен қаперсіз отырған құзырлы органдарға шағым айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Мәпелеп өсірген ұлымның қолын жарақаттап, жамбасын күйдірген мекеменің тәрбиешісінен бастап басшылығына дейін қатаң жазалансын» деген Ақжан Нұрғазиева бір жылдан бері тергеудің баяу жүріп жатқанына ашулы. Іс себепсіз орта жолдан тоқтап қалған.

 «Балабақша басшысынан басьтап, кінәліадамдар жазалансын. Былтыр арыз жаздым, іс тоқтап қалды. Не себепті, аяғына дейін жеткізбесе, заң өкілдері мен жоғары сотқа барамын», – деді ата-ана Ақжан Нұрғазиева.

Әбден шошынған бала сол жағдайдан кейін мұнда білім алмайды. Денсаулығы жақсарғанымен, суға түсуден әлі күнге дейін қорқады.

«Баламның жағдайы жақсы, басқа бөбекжайға барады. Бірақ судан қорқып қалды. Жылап, дірілдеп әрең жуындырамыз», – деді анасы.

Көпті дүрліктірген жағдайдан кейін, мектепке дейінгі білім беру мекемесі жұмысын тоқтатқан жоқ. Ал біз арнайы іздеп барғанда балабақша басшылығы орнында болмады. Ал оқиғаға қатысы бар делінген тәрбиешінің өз еркімен жұмыстан кеткен.

Айта кетейік, бұған дейін істі себепсіз тоқтатқан полиция аталған оқиға бойынша тергеуді қайта жалғастырмақ.

 «ҚР ҚК 306-бабы, 2-бөлігі бойынша қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, қызмет көрсету белгілер анықталған. Осыған байланысты 2025 жылдың 13 наурызында аталған факті бойынша қылмыстық іс қайта тіркеліп, қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде», – деді Атырау қалалық ПБ тергеу бөлімінің тергеушісі Жұлдыз Исамбергенова.

Баламды қиын жағдайда қалдырған адамдар тиісті жазасын алмай, тыным таппаймын деген келіншек енді жоғарғы сотқа жүгінбек.

Жұлдыз Қайратқызы, Атыраудан

Оқи отырыңыз: Әлімжеттік құрбаны: Маңғыстауда оқушы көз жұмды

Новости партнеров