Атырауда жасөспірімдер арасында ерте жүктілік саны артқан

27.01.2025 21:50

Соңғы бес жылда аймақта 800-ден аса кәмелет жасына толмаған жеткіншек жүкті болған

Атыраулық дәрігерлерді жасөспірімдер арасындағы ерте жүктілік алаңдатып отыр. Соңғы бес жылда аймақта 800-ден аса кәмелет жасына толмаған жеткіншек жүкті болған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Аймақта кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасында ерте жүктіліктің саны артқан. Облыс бойынша 2020-2024 жылдар аралығында 794 оқушы қыз жүкті болған. Атап айтқанда, 2024 жылы мұндай 127 жағдай тіркелсе, ең жоғарғы көрсеткіш 2021 жылы 194 жүктілік анықталған. Олардың арасында 419 жасөспірім-ананың 45-і жүктілігін бастапқы кезеңде тоқтатқан. Ал мамандар ерте жаста түсік жасатудың денсаулыққа аса зиян екенін айтты.

"Жасөспірім қыздар ерте жүкті болып қалған жағдайда анасынан, әкесінен қорқып, көбінесе түсік жасауға талпынады. Ал өз еркімен түсік жасатудың соңы қауіп-қатерге әкелуі мүмкін. Біріншіден, әйел адамның репродуктивті органдарына яғни жатырында, түтіктерінде, аналық бездері қабыну процессіне әкеледі. Бұдан бөлек, жастайынан түсік жасатқан қыз бала екінші рет ана болу мүмкіндігінен айырылуы мүмкін", – деді акушер-гинеколог Әйгерім Қайратқызы

Жас аналарда физикалық өзгеріспен қатар, психикалық жай-күйдің бұзылысы болуы мүмкін. Стресстік жағдайда ата-ана атанған жасөспірімдердің қоғамға бірден бейімделе алмайтыны тағы бар. Моральдық әрі материалдық қиыншылықтар көп жағдайда тастанды балалардың қатарын арттырады. Тақырып төңірегінде ой қозғаған психолог мектеп жасындағы қыздардың мұндай әрекетке баруына түрлі себеп барын атап өтті.

"Егер қыз бала әкесіз өссе, яғни әкесінің махаббаты жетпегендіктен, жылулықты даладан, басқа адамдардан іздейді. Үлкен адамдардан іздегендіктен, алданып қалып, осындай қиын жағдайға ұшырап жатады", – деді психолог Гүлвира Нұрсұлтанқызы

Қазір облыста 7567 әйел жүктілік бойынша есепте тұр. Ал ведомство ұсынған статистикалық мәліметтерге сүйенсек, кәмелетке толмағандар арасындағы жүкті болу фактілері көбінесе Жылыой ауданы мен Атырау қаласында тіркеледі.

Жұлдыз Қайратқызы, Фархат Тәжібаев, Атыраудан

Оқи отырыңыз: Қауіпті қойма: Қызылордада тұрғындар күкірт қышқылы зауыты құрылысына наразы