Алматыдағы №76 бөбекжай-балабақшасында тәрбие мен тәжірибені тоғыстырған іс-шара өтті
Алматыдағы №76 бөбекжай-балабақшасында тәрбие мен тәжірибені тоғыстырған тағылымды іс-шара өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Құзыреттілік орталықтарының тірек мектептерге арналған ашық есік күні» аясында ұйымдастырылған жиын - мектепке дейінгі білім беру саласындағы озық үлгілерді кеңінен таныстырып, педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталды. Іс-шара шеңберінде тәрбиешілер шеберлік сағаттарына қатысып, балалармен ашық сабақ өткізді. Әсіресе тазалық пен тәртіпке баулитын жапондық тәрбиелеу үлгісі көпшіліктің қызығушылығын туғызды.
«Бұл семинардан алған әсеріміз керемет. Бұл – мектеп пен балабақшаның арасындағы сабақтастық. Балабақшадағы кішкентай тәрбиеленушілеріміздің еңбекке деген қызығушылығы, тіпті мамандықтарды таңдай білуі. Осылардың барлығы таңқалдырды», – деді №185 мектеп-гимназиясының директоры Данагүл Кержикеева.
Сонымен қатар іс-шара аясында өскелең ұрпақты еңбекқорлыққа баулу бағытындағы жобалар да назардан тыс қалмады. Ел Президенті жариялаған «Жұмысшы мамандығы» жылы аясында бүлдіршіндер түрлі кәсіп иелерінің жұмысымен танысып, еңбек құралдарын қолданып көрді. Ал «Қалдықтарға екінші өмір сыйлайық» жобасы аясында пластик қалдықтардан бұйымдар жасады.
«Балабақшада өнеркәсіп кешені және де әртүрлі жобаларға байланысты жұмыс жасалып жатыр. Соның ішінде жапон елінің тәжірибесіне бағдарламамызға кіріктіріп, түрлі жоба дайындадық. Балалар тамақ пісіру, тігу, өсіру, өндіру және әртүрлі қолөнер бұйымдарын жасауды балабақшадан бастап қолға алып, жасап жатыр», – деді №76 бөбекжай-балабақшасының басшысы Гүлжария Көбекова.
Оқи отырыңыз: World Skills Almaty 2025: жұмысшы мамандықтарын насихаттауға бағытталған сайыс үздіктері анықталды