Дәрігерлер ауруханада Батырдың бетін тіккен
Астанада сұмдық жағдай болды. Қаладағы тұрғын үйлердің бірінде жасөспірім 5 жастағы балаға бірнеше рет пышақ жарақатын салған. Бүлдіршін алған жарақатының салдарынан ауруханада жатыр. Дәрігерлер жағдайы тұрақты дейді. Ал күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бас киімін басып киіп, бетін маскамен тұмшалаған жасөспірім жеделсатыда 5 жастағы баламен бірге кірген. Араға аз уақыт салып, дәл осы жерде күдіктінің бүлдіршінге аяусыз бірнеше рет пышақ сілтегені бейнебақылау камерасына жазылып қалған. Баланың, шыбын жаны шырқырап, жан дауысы шығып жылағаннан кейін, қаскөй жалма-жан оқиға орнынан ізін суытқан.
Баланың анасының айтуынша, жантүршігерлік оқиға кеше сағат 15:00 шамасында болған. Сырттан келе жатқан 5 жастағы Батыр балконнан қарап тұрған анасына қол бұлғап, алаңсыз үйге кірген. Осы тұста есік алдында тұрған жасөспірім артынан ілесіп, арам ойын іске асырып үлгерген.
"Оның өзі қансырап бірінші қабаттан көтерілді. Төртінші қабатқа дейін елестетіп көріңіз", – деді баланың анасы.
Полиция оқиғаның ізін суытпай күдіктіні ұстаған. Ол – 14 жастағы елорда тұрғыны. Жасөспірім 2017 жылдан бері психоневрологиялық диспансерде есепте тұрған.
"Ол заңды өкілімен бірге дереу полицияға жеткізілді. Қажетті тергеу амалдары аяқталған соң, оны оқшаулау бойынша шаралар қабылданады. Сонымен қатар оның заңды өкілі бала тәрбиесін дұрыс орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылды", – деді Астана қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары Қуаныш Орынбетов.
Кешелі бері тұрғындардың мазасы қашқан. Олар балалары үшін алаңдаулы. Өйткені бұған дейін әлгі жасөспірім сол маңайды торуылдап жүріп, көрші үйдің бірінде қыз баланы да пышақпен қорқытқан.
"Шошып кеттік. Таңертеннен кешке дейін немеремізді жетектеп жүреміз", – деді тұрғын Ырымгүл Әбілғазина.
"Ата-ананың бәрі жұмыста болады. Уайымдап отырады ғой. Бұл – бірініші жағдай. Қайталанбайды деп ойлаймыз", – деді тұрғын Хасен Айтымов.
Адвокат Сұлтанбек Қалманбекұлы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-бабына сәйкес есепте тұратын баланың жанында ата-анасы үнемі жүруі керек» дейді. Осы тұста біз адвокатпен тілдесіп, психоневрологиялық диспансерде есепте тұрған баланың әрекетіне қандай үкім тағайындалатынын сұрадық.
"Бала 2017 жылдан бері психиатриялық диспансерде үзілмейтін шизофриния диагнозымен есепте тұрғандықтан, ҚР Қылмыстық кодексінің 91 және 98- баптары аралығындағы психиатриялық стоционарда мәжбүрлі түрде емдеу деп саналады", – деді адвокат Сұлтанбек Қалманбекұлы.
Қазір бала алған жарақаты салдарынан ауруханада жатыр. Операциядан кейін палатаға шығарылған. Дәрігерлердің айтуынша, оның жағдайы тұрақты.
Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, Астана
Оқи отырыңыз: Қоқыс өңдеу зауытынан әйелдің бөлшектелген денесі табылды