Бұл туралы ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс мәлімдеді
Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қару-жарақтар тәркіленді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жыл басынан бері жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының аясында полицейлер 20 атыс құралы мен травматикалық қаруды анықтаған. Белгілі болғандай, оның төртеуі - қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезінде жоғалған. Одан бөлек, 6 граната мен 150-ден астам әртүрлі калибрлі оқ-дәрі табылды. Соның ішінде Алматыда 3 шолақ мылтық, 3 тапанша, 4 граната және шамамен 50 патрон, сондай-ақ қару-жарақ дүкенінен ұрланған карабин тәркіленген. Ал Таразда тәртіпсіздіктер кезінде қолды болған жауынгерлік арбалет анықталса, Алматы облысында 2 Макаров тапаншасы табылды.
"Соңғы екі жылда ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөліністері заңсыз айналымнан 1000-нан астам қару-жарақ тәркіледі, оның ішінде қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған 130 қару бар. Бұл бағыттағы жұмыс ІІМ-нің ерекше бақылауында", – деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.
Оқи отырыңыз: Қаңтар оқиғасы: "Дикий Арман" 20 жылға сотталды