Қаңтарда екі адамды өлтірді деп айыпталған полковникке сот үкімі шықты

07.02.2025 21:52

Жәбірленушіге 20 миллион теңге моральдық шығын өндірілді

Аlmaty.tv

Алматыда 2022 жылғы қаңтардағы тәртіпсіздік кезінде екі адамды өлтірген әскери қызметкерге қатысты үкім жарияланды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Іnformburo.kz-ке сілтеме жасап.

Іс Алматы гарнизоны Әскери сотында жабық отырыста қаралды. Сотталушы, Ұлттық ұланның 5571 әскери бөлімі командирінің бұрынғы орынбасары Айтжан Әубәкіровке қару қолданып, ауыр зардаптарға әкеп соқтырған өкілеттігін асыра пайдаланды деген айып тағылды.

"Сот сотталушының билік өкілі бола отырып, өз құқықтары мен өкілеттерінен тыс әрекеттер жасағанын анықтады. Нәтижесінде ауыр зардаптар орын алды – екі жәбірленуші қайтыс болды. Сотталушының кінәсі сараптамалық қорытындылармен, куәгерлердің, сарапшылардың айғақтарымен, соттың оқиға болған жерді қарау хаттамаларымен дәлелденді", – делінген хабарламада.

Мемлекеттік айыптаушы сотталушыны жеті жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сотталушы өз кінәсін мойындамады. Жәбірленушілердің өкілдері оның заң аясында жазалануын сұрады.

Сот үкімімен әскери қызметкер жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар ол полковник әскери атағынан айырылды. Жәбірленушіге 20 миллион теңге моральдық шығын өндірілді. Соттың үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, қаңтар оқиғасы кезінде сотталған азамат археолог Ерлан Жағыпаров пен Әуез Қапсалановқа автоматтан оқ жаудырғаны осыған дейін хабарланған болатын. Іс материалдарына сәйкес, олар алаңда ұсталып, қолдарына кісен салынып, соққыға жығылған. Ерлердің мәйіттері оқ жарақаттарымен табылды.

Оқи отырыңыз: "Имам зәулім үйде тұрады екен": Астана соты тұрғынға 700 мың теңге айыппұл салды