Қаныш Сәтбаев: Almaty TV-де «Алматы көшелері» бағдарламасының жаңа шығарылымы жарық көрді

Almaty TV
Almaty TV

Алматыда соңғы үш жылда 650 шақырым жол жөнделіп, 100 шақырым жаңа жол салынды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Әр шығарылымда авторлар тұрғындармен, тарихшылармен және сәулетшілермен бірге осы уақытқа дейін белгісіз болып келген деректі ашады. Сонымен қатар, қала билігінің өкілдерімен бірлесіп, қоғамдық кеңістіктерді, көшелер мен даңғылдарды жаңарту және өзгерту жоспарлары туралы айтып береді.

«Алматы көшелері» – мегаполиспен бірге өмір сүретін, өсетін және дамитын тұтас бір тарих пен әлем. Журналистер бағдарламаның жаңа шығарылымын Қаныш Сәтбаев көшесіне арнады.

Қаныш Сәтбаев атындағы көше – Алматының басты көлік артерияларының бірі, ол қаланың және оның оңтүстік-батыс аудандарының даму тарихын бойында сақтап келеді. Бұл көше 1960-жылдары қалыптасып, қаланың белсенді кеңеюінің және бұрынғы колхоз жерлерінің игерілуінің куәсі болды.

Көшенің Қазақстан тәуелсіздігінің тарихымен байланысы даусыз. Тәуелсіздік алғаннан кейін ел қарқынды дами бастады және мемлекеттің беделін көтеретін, егемендікті бейнелейтін ескерткіштің қажеттілігі туындады. 1996 жылы Қаныш Сәтбаев көшесіне жақын орналасқан Республика алаңында Тәуелсіздік монументі тұрғызылып, ол елдің азаттығы мен өркендеуінің символына айналды.

Жыл сайын 16 желтоқсанда Тәуелсіздік монументіне гүл шоғын қою рәсімі өтеді – бұл елдің бостандығы үшін күрескен жандардың құрметіне көрсетілген тағзым.

Қаныш Сәтбаев көшесінің атауы көрнекті ғалым, академик және қоғам қайраткерінің есімімен бекер аталған жоқ. Ол Қазақстан ғылымының дамуына зор үлес қосты. Оның мыс және марганец кен орындарын ашуы елді бүгінгі күнге дейін өндіріліп келе жатқан бағалы ресурстармен қамтамасыз етті. Қаныш Сәтбаевтың мұрасын өзі атындағы көшеде орналасқан университеттің студенттері ерекше құрметпен еске алады.

Қазіргі уақытта Алматы әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасымен Ахмет Байтұрсынұлы мен Қаныш Сәтбаев көшелерінің қиылысында орналасқан Геологтар аллеясын күрделі жөндеуден өткізуге арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Мұнда жарықтандыру, орындықтар мен жолдар орнату, сондай-ақ абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, бұл орын тұрғындар үшін жайлы демалыс аймағына айналмақ. Жұмыстар жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда.

Айта кетейік, биылғы жылы тек Сәтбаев көшесі ғана емес, басқа да көшелер көркейтіледі. Қала басшысының тапсырмасына сәйкес, Достық даңғылы мен Пушкин көшесінде «Қасбеттерден қасбетке дейін» жобасы жүзеге асырылады. Бұл жоба жолдарды жаңарту, тротуарларды абаттандыру, ғимарат қасбеттерін жаңарту және көгалдандыру жұмыстарын қамтиды.

Алмалы ауданы тұрғындарымен кездесуде Алматы әкімі Ерболат Досаев осы әдіспен 2025 жылы Жібек жолы даңғылының (Назарбаев даңғылынан Сейфуллин даңғылына дейін) жаяу жүргіншілер аймағын жөндеу және Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры  жанындағы скверді жаңарту жоспарланып отырғанын айтты.

Жалпы, 2025-2026 жылдары қалада 49,2 шақырымды құрайтын 11 көшеде кешенді абаттандыру жұмыстары жүргізілмек. Алматы – еліміздегі жайлы қалалық орта құру бойынша халықаралық стандарттарды енгізіп отырған алғашқы қала.

Еске салайық, Almaty TV-де «Made in Almaty», «Шаһар шырайы», «Экономика жаңалығы» және «Қала тынысы» сынды бірқатар жаңа бағдарлама мен жаңалықтар айдары эфирге жол тартты. Сонымен қатар алдағы уақытта «Алматы аудандары» және «Кері байланыс» жобаларын шығару жоспарда бар.

Оқи отырыңыз: Тұрар Рысқұлов: Almaty TV-де «Алматы көшелері» бағдарламасының жаңа шығарылымы эфирге шықты

 

Новости партнеров