Қарабай Төлебеков: жолаушылардың аман-есен жетуіне жағдай жасау - міндетім

Еліміздегі темір жолдың ұзындығы 21 мың шақырым

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Соңғы 10 жылда елімізде 600-ге жуық вагон жаңарған. Бұл өз кезегінде жолаушылардың саяхатына қолайлы жағдай жасап, қызмет көрсету деңгейінің жақсаруына әсер етіп отыр. Саладағылардың сөзі осы. Ал жолаушының жайлылығына жауапты жалғыз адам – жолсерік, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Теміржол саласында 20 жылдан бері үздіксіз еңбек етіп келе жатқан Қарабай Төлебеков жұмыс өтілін жолсерік болудан бастаған. Бала кезден бекет жанында осы мамандық иелеріне қызығып өскен ол ойланбастан аталған мамандық бойынша білім алған. Бүгінде «Алматы- Өскемен» бағытында пойыз басшысы қызметін атқаратын азамат 30-ға жуық жолсеріктің де жұмысын қадағалап отырады.

"642 жолаушының 642 мінезі бар. Соның бәрін дер кезінде қарап, жолаушылардың аман-есен жетуін, бір-бірімен сөзге келіп қалмауын, барының жағдайын жасап жеткізіп салу – міндетім. Бұл  – қызығы мен қиындығы қатар жүретін жұмыстың бірі, мамандық", – деді  «Жолаушылар тасымалы» АҚ пойыз бастығы Қарабай Төлебеков.

Пойыз жөнелмес бұрын мамандар алдымен әр вагонның қалыпты жұмыс істейтініне көз жеткізуі керек. Тек содан кейін ғана жолаушыларды кіргізу басталады. Қауіпсіздікті басты орынға қоятын теміржолшылар қақаған қыс кезінде жауапкершіліктің айрықша арта түсетінін айтты.

"Барлық жолаушының көңіліне қараймыз. Вагон қабылдағанда барлық жағын тексереміз. Жолда 5 минут тоқтаған кезде де, дөңгелектерін қарап, мұқият жүреміз", – деді жолсерік Досан Нұрғабылов.

"Күн суықта пойыздың астындағы бөлшектері қатып қалады. Соның бәрін қадағалап, суынмен дер кезінде қамту, көмір жағу – бәрі техникалық жағдайға жатады. Жаңа вагон алып, төсек-жабдық алдық", – деді  «Жолаушылар тасымалы» АҚ пойыз бастығы Қарабай Төлебеков.

Айта кетейік, еліміздегі темір жолдың ұзындығы 21 мың шақырым. Ал былтыр әртүрлі бағытта 21 миллионға жуық жолаушы мен 430 миллион тоннадан астам жүк тасымалдаған.

Жансая Олжабек, Сағынғали Мұңайтпасов

Оқи отырыңыз: Қазақстанда жаңа буындағы жүк электровоздары пайда болады

Новости партнеров