Қарағанды облысындағы 14 елдімекенде су басу қаупі жоғары

14.03.2025 20:21

Өзен-көлдердің бетінде әлі де мұз қалың 

Өндірістік өңірді су басуы мүмкін. Қарағанды облысы тасқын қаупі жоғары аймақтардың қатарына енген. Синоптиктер өңірде 15 наурыздан бастап күн күрт жылынатынын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қарқаралы ауданындағы су басу қаупі жоғары елдімекеннің бірі – Қаракөл ауылы. Осыдан оншақты жыл бұрын мұндағы бірнеше үйді су басып, біраз шығын келген. Содан бері жыл сайын тасқынға қарсы шаралар қабылданады. Биыл да құтқарушылар елдімекенді айналдыра 300 метр бөгет тұрғызыпты. Сонымен қатар 500 тоннаға жуық құм толтырылған қап дайындалған.

 «5-6 жыл болды су ағатын көпір үлкейтілді, дайындалып жатырмыз. Су ауылдың үстімен ағады, – деді Қаракөл ауылының тұрғыны Орынбасар Апақашев.

Биыл Қарағанды өңірінде қар қалың. Бүгінге дейін елдімекендерден 1 млн текше метрден астам қар шығарылған. Ал соңғы аптада бұл жұмыстар күшейтілген режимде жүріп жатыр. Бұдан бөлек, өзен арналары мен арықтар және су өткізгіш құбырлар да тазартылған. Өйткені аймақтағы ірі деп саналатын Самарқан және Ынтымақ су қоймаларында су ағызу жылдамдығы секундына 10-15 текше метрге жетіпті. Алдағы күндері бұл көлем артуы мүмкін.

 «6 наурыздан бастап облысқа қарасты өзендерде мұз жару басталды. Бекітілген кесте бойынша жүріп жатыр.  Ал жару жұмыстарын жүргізуге ыңғайсыз аумақтарды бұрғылап жатырмыз, – деді Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Думан Дәлешов.

 «Қарқаралы ауданында 8 ауылдық округ, оның ішінде 14 елдімекеніміз бар. Осы 14 елдімекен жаңағы су басу қаупі бар тізімге енгізілген. 2025 жылдың көктемгі су тасқынына алдын алу және болдырмау мақсатында 2024 жылы жазғы-күзгі инженерлік жұмыстарға 9 іс-шара анықталды. Бөгеттерді орнату немесе орнатылған бөгеттерді нығайту жұмыстары жалғасуда, – деді Қарқаралы ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Нұршат Қайыр.

Өңірде бүгінге дейін 20 шақырымнан астам өзен арнасы мен 26 шақырымға жуық дренаждық және су бұру жүйелері тазартылды. Бұл жұмыстар 20 наурызға дейін аяқталуы тиіс.

Айта кетейік, өзен-көлдердің бетінде әлі де мұз қалың. Дегенмен мұндағы су деңгейін мамандар «әр 4 сағат сайын тексеріп отырмыз» деп сендірді.

Жанбота Бейсембайұлы, Айнұр Бексұлтанқызы, Қарағанды облысынан

Оқи отырыңыз: Костенко шахтасының басшысы қауіпсіздік ережелерін ескермеген