Қарағанды облысындағы тұрғындар демалыс саябағының орнына элиталық тұрғын үй салуға наразы

Жергілікті билікке аумақ 30 жыл бұрын жекенің меншігіне өткенін мәлімдеді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қарағанды облысындағы орталық мәдениет және демалыс саябағының орнына элиталық тұрғын-үй салынбақ. Бірақ тұрғындар мұндай шешімге үзілді-кесілді қарсы, деп хаюарлайды Almaty.tv тілшісі.

Орталық саябақтың аумағындағы қоршау осыдан бірер апта бұрын ғана пайда болыпты. Оның қайдан, қалай, қашан келгенін тұрғындар білмейді. Кейіннен ширек ғасырға жуық қаңырап бос тұрған орталықта жаңа ғимараттың бой көтеретіні мәлім болған. Осы себептен «Қиял әлемі» деп аталатын ойын-сауық кешені сүріліпті. Ал тұрғындар демалыс аймағына үй тұрғызудың еш қисынға келмейтінін айтып, наразы.

 «Саябақ аумағында тұрғын үй кешенін салуға болмайды. Бұл қаңырап бос жатқан жер емес. Мұнда балалар мен қарт адамдар серуендейді. Біз бүгін пайда үшін жасыл алаңның жойылуына жол берсек, ертең билікке, әділдікке деген сенім жоғалады. Түсінемін. Қала дамуы керек, тұрғындар баспанаға мұқтаж. Бірақ бұлай істеуге болмайды», – деді Сәулетшілер одағының төрағасы Александр Чжан. 

Қарағандылықтардың басты уайымы – экожүйенің бұзылуы. Көпшілік баяғыдан бақ болып жайқалған орында баспана бой көтерсе, жасыл желектің түгі қалмай ма деп қорқады. Оның үстіне, инженерлік желілерге түсетін салмақ тағы бар. Сондықтан қала тұрғындары құрылысқа тыйым салып, жерді саябақ меншігіне қайтаруды талап етеді. Арыз-шағымды жергілікті билікке жеткізген. Олар аталған аумақтың кеше не бүгін емес, осыдан 30 жыл бұрын жекенің меншігіне өткенін мәлімдеді. Тек биыл қаңтарда жердің заңды иесі заң жүзінде үй салуды ұйғарған.

 «Жылына кем дегенде 500 не 600 шаршы метр үй салуымыз керек. Ертең комиссия шақыртып, құжаттарын көрсетіп, жобаларын тексертеміз. Кесілген ағаштардың орнына ағаш отырғызамыз», – деді Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты Төлеген Әшімов. 

 «Мына жерге терең ұңғыма қазылады. Жерасты паркингі болады. Ал ол көлдің эко-жүйесіне зиян тигізеді. Бұл кісілер бізге тиісті құжаттың бәрін көрсетіп жатыр. Ел айтқандай, жер астында автотұрақ болмайды. Сондықтан көлге төнетін қауіп жоқ. Қоғамның пікірін жеткіздік. Талабының сақтап, қолайлы жағдай жасау – біздің міндетіміз», – деді облыстық кеңестің төрағасы Серікжан Байбосынов.  

Құрылыс компаниясының өкілдері де «жаңадан салынатын ғимарат саябақтың экожүйесіне еш әсер етпейді» деп ақталды.

 «2026 жылы төртінші кварталдың құрылысы аяқталады. 226 пәтер болады. Өзенге ешқандай зиян жоқ. Өзен құрылыс алаңынан 200-250 метрдей қашықта ағып жатыр», – деді құрылыс компаниясының өкілі Нұрлан Аманбеков.     

Айтпақшы, мердігерлік ұйым аталған аумаққа 4700 ағаш отырғызамыз деп уәде берді. Сондай-ақ олар саябақтағы воркаут алаңдарын қалпына келтірмек. Қарағандылықтар жасыл желектердің сақталатынына сенімсіздік танытып отыр. «Басты кезекте саябаққа залал тимеуін бақылауда ұстаймыз» дейді халық қалаулылары мен қоғам белсенділері.

Жанбота Бейсембайұлы, Айнұр Бексұлтанқызы, Қарағанды облысынан

Оқи отырыңыз: Сот орындаушылардың қызметіне халықтың көңілі тола ма - депутаттар пікірі

Новости партнеров