Каспий 50 жылда кері кетіп, қайта толады - ғалым

28.02.2025 15:51

Соңғы рет судың деңгейі 1999-2001 жылдары көтерілген

Қарт Каспий теңізі тартылып барады. Соңғы 20 жылда оның деңгейі 2 метрге төмендеген. Ал теңіздің таяздануы Ақтауда ауыз су өндірісіне әсер еткен. Елдің теңіз қақпасы саналатын Ақтау порты да танкерлер мен кемелерге мұнай және жүкті тиісті көлемде тией алмай отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ақтаулық Қосарбай Қожахмет 45 жылдан бері Арал-Каспий теңіздерінің геологиясын зерттеп келеді. Оның айтуынша, Каспий 50 жылда кері кетіп, 50 жылда қайта толады. Бұл – осындай уақыт аралығында қайталанатын құбылыс. Соңғы рет судың деңгейі 1999-2001 жылдары көтерілген. Кейін қайта кету процесі басталған. Ал теңіздің деңгейіне әсер етуші фактор көп көрінеді. Соның ішінде Апшерон тауындағы балшық жанартауларының әсері зор.

"Апшерон деген Әзербайжаннан, Красноводскіден келетін теңіздің астында тау бар. Таудағы вулкандар жәй-жәй қозғалып, істеп тұр. Қатты атылмайды, демек астында қозғалыс бар. Жер сілкінісі болғанда теңіздің асты көтерілуі мүмкін. Қозғалыс болғанда көтеріледі, болмаса, деңгейі түседі", – деді Геология және минералогия ғылымының кандидаты, профессор Қосарбай Қожахмет.

Эколог Сымбат Қойбақова да теңіз суының тартылуын зерттеп жүр. Осы бағытта бірнеше ғылыми жобасы бар. Алайда Каспийдің қазақстандық бөлігіне қатысты мәлімет өте аз. Яғни зерттелмеген. Тіпті биоәлемі, теңізді мекендеушілердің кейінгі жылдардағы ахуалы да бақыланбайды.

 "Қазіргі таңда гидробиология туралы көп мәлімет жоқ. Сол себепті негізгі бағытты осы жердің гидробионттар флорасы мен фаунасын зерттеуді алға қойып отырмыз. Бірінші жылдың зерттеу нәтижесі бар. Үш жылдық деңгейде көрсеткіштерді нақты айта аламыз", – деді  «Экология және геология» кафедрасының қауымдастырылған профессоры Сымбат Қойбақова.

Мамандардың айтуынша, Каспийге қанша су құйылып, қаншасы кетіп жатқаны да белгісіз. Мәселен бір шаршы метрге есептегенде жылына 1410 литр теңіз суы буға айналады. Оның орны толып жатыр ма? Еділ мен Жайықтан қандай көлемде су құйылып жатыр, ол туралы да мәлімет жоқ. Мына пирс осыдан 20 жыл бұрын теңіздің ішінде тұрды. Бағаналары шамамен 3 метр, толықтай суға батып тұратын. Өкінішке қарай, қазір жағалау алыстап, оның орнына қамыс өсіп кеткен. Каспийдің таяздануы Ақтау қаласын ауызсумен қамтамасыз ететін МАЭК мекемесінің жұмысына да кері есерін тигізіп жатыр. Кәсіпорын 2 су арнасы арқылы сағатына 2 мың текше метр су алып, оны тұщытатын. Ал былтыр қыста су қатып, өндіріс көлемі азайып қалды. Сондықтан биыл арна түбін 3 метрге дейін тереңдету жұмыстары қолға алынған.

 "Жұмыстың аяқталу мерзімі 2025 жылдың наурыз айына белгіленген. Барлығы 23 мың текше метр топырақ алынады деп күтілуде. Осы топырақ үйіндісі алынғаннан кейін МАЭК-ке бұрынғыдай қажетті мөлшерде су келеді деген болжам бар", – деді қалалық құрылыс бөлімінің маманы Самат Қылышбай.

Ақтау теңіз порты да айлақтардың түбін тереңдету жұмыстарын бастамақ. Себебі мұнай тасушы танкерлер мен құрғақ жүк және контейнер тасымалдайтын кемелер толық көлемде тауар тией алмай отыр. Сондықтан айлақтарды 1,5 метрге дейін тереңдету жоспарда бар. Жобаның бірінші кезеңіне 21 млрд теңге бөлінген.

 "Қазір құрғақ жүк тасымалдайтын кемелерге жүк көтере алатын мөлшерден 600-1300 тоннаға дейін аз тиеледі. Себебі түбі жағаға тиіп, қайырлап қалуы ықтимал. Сол секілді мұнай құю айлағында да жүктеме азайды. Биыл теңіз астынан 1 млн 300 мың текше метр топырақ алу жоспарланды", – деді Ақтау халықаралық теңіз сауда портының бас диспетчері Вадим Новиков.

Геолог маман Қосарбай Қожахметтің пікірінше, теңізді жан-жақты зерттеу қажет. Себебі Каспийде мұнайдан басқа да байлық жетерлік. Бірақ теңіз өндірістің құрбаны болмауы керек. Сондықтан ғылымға жол беру қажет.

Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет, Ақтаудан

Оқи отырыңыз: Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне жаңа басшы тағайындалды