Қазақ елі Мекемтас Мырзахметұлын соңғы сапарға шығарып салды

13.01.2025 20:33

Ғалымның денесі кіндік қаны тамған туған жеріне жерленді

Алашқа Абайды ғылым деп танытқан арда азамат бақиға аттанды... Өткен сенбіде еліміз бар ғұмырын қазақ филологиясы, оның ішінде Хәкім Абай мұрасына арнаған Мекемтас Мырзахметұлындай алыбын ақтық сапарға шығарып салды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

"Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла..." Құнанбайұлы осылай дейді. Ал бұл жұмбақтың жауабын Мекемтас Мырзахметұлы тұп-тура алпыс жыл іздепті. Абайтану ғылымының төрт құбыласын түгендеп кеткен ол тұңғыш рет хакімнің толық библиографиялық көрсеткішін шығарды. Тұлға танып, диссертация жазды, дереккөздерді тізіп, том-том еңбек қалдырды. Методология ұсынды. Бәрін айт та, бірін айт: Мекемтас ақсақал Абайдың 175 жылдығының қарсаңында (!) әрқайсы 400 беттен тұратын он томдықты кейінгіге мұра етіп кете барды...

"ХХ-ХХІ ғасырларда Абай ілімін терең зерттеп, биік шыңға көтерген адам – Мекемтас Мырзахметұлы. Себебі, Абай туралы көп ізденген де – Мекемтас Мырзахметұлы. Тереңдей айтсам, Абайдан кейін Шығыстың мораль философиясын терең қозғаған да Мекемтас Мырзахметұлы", - деді Қазақстан ғалымдар одағының президенті, академик Оразалы Сәбден.   

Абайдан кейін батыр Бауыржандай ұлды тұтас ғылым деп қарастырған Мекемтас Мырзахметұлы 95 жас жасады. Оның ғасырлық ғұмыры қазақ тарихымен де астасып жатыр. Мәселен, ғалымның сонау ашаршылықта бастан кешкен қайғылы оқиғасын былайғы жұрт әлі аңыз етіп айтады.

"Ұлды алып қалайын, қызды берейін, басқа амалым жоқ, әйтпесе үшеумізді де жеп қояды" деп ойлаған болуы керек. Қараңғы кез еді. Үш қасқыр таласып жатқанда шешем мені арқасына салып, ала жөнелді. Артынан барып қараған кезде тек шашы қалған, басқа түк те жоқ. Жеп қойған. Ашаршылық заманда ондай көп болған. Ол кезде қасқырлар адам етін жейтін, басқа ештеңе жоқ", - деді филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлы.

Мырзахметтен тараған он екі бала тағдыр тауқыметімен өмірден өте берген соң, кенженің есімі де “тастай қатты, бекем болсын”деген тілекпен Мекемтас қойылса керек. Ал ғұмыры ұзақ та баянды болған ұл өзінен кейінгіге де өшпес із қалдырды. Күні кеше ғалымды жер қойнына тапсыруға келген әркімнің көкейінде осы ой жатыр.

"Екі нәрсе күні бүгінге дейін жұмбақ болып келеді. Адамның рухы мен санасы. Бұл екеуі - мәңгілік тақырып. Сол тақырыптарды Мекемтас аға ортаға қойып, зерттеп, жүздеген мақала, ондаған кітап жазып, шәкірттерін де сол бағытқа дайындады", - дейді шәкірті Ислам Жеменей.

Мекемтас Мырзахметов сәулелі ғұмырында қазақ даласындағы жер-су атауларының саяси-әлеуметтік сырларын ашып, қоғамдық ой-санаға да өздігінше ықпал еткен еді. Шәкірт баптап, мұра қалдырған ғалымның денесі кіндік қаны тамған Түркістан өңіріне қарасты Майтөбе ауылындағы "Шөлтөбе" бейітіне жерленді.

Оқи отырыңыз: "Ағыл-тегіл білімге ие тұлға еді": жазушылар Мұхтар Мағауин туралы