145 млн теңгенің азық-түлік өнімдері табыс етілді
Тәжік тарапына гуманитарлық көмекті тапсырудың ресми рәсімі өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv Қазақстанның Тәжікстандағы елшілігіне сілтеме жасап.
Қазақстан Республикасының Тәжікстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Уәлихан Төреханов Тәжікстан Республикасының Үкіметі жанындағы Мемлекеттік материалдық резервтер агенттігінің директоры Нурмахмад Ахмадзодаға 5 мың тонна мазут сертификатын табыс етті.
Қазақстан Елшісі екі ел арасындағы стратегиялық қарым-қатынастар шеңберінде Қазақстан басшылығы Тәжікстан Республикасына 871,9 млн теңге (шамамен $1,67 млн) көлемінде гуманитарлық көмек көрсету туралы шешім қабылдағанын атап өтті.
«Сонымен қатар 144,5 млн теңгеге ($276 мың) азық-түлік өнімдері (67 тонна өсімдік майы, 50 мың дана сүт консервілері және 325,6 тонна қарақұмық жармасы) табыс етілді», - делінген хабарламада.
Гуманитарлық көмек «KazAID» Қазақстандық халықаралық даму агенттігінің ықпалдасуымен көрсетілді және энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан үлес, сондай-ақ қазақ-тәжік ынтымақтастығына тән тату көршілік пен өзара тиімділіктің көрінісі болып табылады.
Соңғы 5 жылда Қазақстан тарапының Тәжікстанға жеткізген гуманитарлық көмегінің көлемі шамамен 20 млн долларды құрады.
Оқи отырыңыз: Көмір өндірісі неге көңіл көншітпейді