Қазақстанда соңғы бір айдың ішінде 17 есірткі зертханасы жойылды

19 күдікті ұсталып, заңсыз айналымнан 80 келіге жуық есірткі заты тәркіленді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде ақпанда 17 жасырын есірткі зертханасы жойылған. Полиция бұл дерек бойынша 19 күдіктіні ұстап, 80 келі eсірткі тәркіледі, деп хабарлайды Almaty.tv.

Құзырлы органның дерегінше, ең ірі нарколаборатория Қызылорда облысында анықталған. 46 жастағы ер адам туыстарымен бірге элиталық сұрыптағы қарасораны өсіріп, сатпақ болған. Жедел іс-шаралар барысында күдіктінің құрылысы аяқталмаған үйінде фитозертхана ашқаны анықталып, 19 келіден астам «голландтық қарасора» тәркіленген.

"Биыл Қазақстанда 42 есірткі зертханасы жойылды. 45 күдікті ұсталды. Заңсыз айналымнан 100 келіден астам есірткі және 5 тоннадан астам прекурсорлар, есірткі өндірісіне қажетті химиялық заттар тәркіленді. Есірткі қылмысымен күрес жалғасуда. Полиция қызметкерлері күн сайын жаңа қылмыстық топтарды анықтау және есірткінің таралуына тосқауыл қою үшін жедел-іздестіру шараларын жүргізуде", – деді ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Данияр Мейірхан.

Ішкі істер министрлігі жыл басынан бері ұйымдасқан қылмыстық топтарға қатысты 25 іс қозғаған. Оның ішінде трансұлттық сипаттағы 4 іс бар. Ал қылмыстық қоғамдастық құру бойынша бір факт тіркелген. Сондай-ақ бірінші рет трансұлттық қоғамдастық құру және оған басшылық ету бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Аталған істер бойынша қылмыстық қудалау орбитасында шетелде де ауыр және аса ауыр қылмыстар жасаған криминалитет өкілдері бар.

"Ұлттық қауіпсіздік комитетімен, Мемлекеттік күзет қызметімен және Бас прокуратурамен бірлесе отырып мемлекетаралық деңгейде дәлелдемелік базасын жинау іс-шаралар кешені жүзеге асырылуда. Барлығы 100-ден астам адам жауапкершілікке тартылуда. Бандитизмге қарсы күрес Ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауында", – деді ҚР ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.    

Оқи отырыңыз: Семейдегі жасөспірімді ұрып-соғу оқиғасы: министрлік видеоны таратпауға шақырды

Новости партнеров