Өңірді газбен қамту үрдісі қарқынды жүріп жатыр
Биыл Түркістан облысының 45 ауылы көгілдір отынмен қамтылады. Оған облыстық бюджеттен 6 млрд 900 млн теңге, ал Ұлттық қордан 623 млн теңге бөлінген, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Жалпы, өңірді газбен қамту үрдісі қарқынды жүріп жатыр. Мәселен, былтыр құрылысы бірнеше жылға тұралап қалған 54 газ нысаны іске қосылған еді. Соның нәтижесінде көгілдір отынмен қамтылған ауыл саны 557-ге жетті.
"Газ келіп, енді бірталай қоқыстан арылатын болдық, қаладағыдай өмір сүретін болдық деп қуанып жатырмыз. Су ағып тұр, арманымыз газ еді, ол да келді", - дейді Бөген ауылының тұрғыны Жәмилә Шахабай.
Дегенмен өңірдегі жоғары көрсеткіштерге қарамастан, Созақ ауданының халқы көгілдір отынға қол жеткізе алмай келеді. Себебі өңір көршілес Жамбыл облысы арқылы газға қосылмақ. Мамандар ол үшін қазір 3,9 млрд теңге бөлініп, тиісті жұмыстар басталды дейді.
Жалпы Түркістан облысындағы елдімекендерді 100 % табиғи газбен қамту мақсатында арнайы жоспар бекітілген екен. Оған сәйкес, 244 ауыл 2027 жылы көгілдір отынмен қамтылмақ.
"53 елдімекенге газ берілді. Бұл көрсеткіш басқа облыстармен салыстырғанда, республика бойынша ең жоғарғы көрсеткіш болып отыр. Халық санымен санасақ, 1 млн 800 мың халық газбен қамтылды. Яғни, көрсеткіш 85,5 пайызға жетіп отыр", - деді Энергетика және ТҮКШ басқармасы газбен қамту бөлімінің басшысы Қуаныш Өмірәлиев.
Оқи отырыңыз: Еш ескертусіз қымбаттатқан: Атырауда саяжай тұрғындары жарық тарифінің күрт өскеніне наразы